Павлодар облысының спортшылары республикалық додада үздік нәтижеге қол жеткізді

Құрама спорттың 17 түрінен қатысып қайтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Алматы облысының Талғар және Қарасай аудандарында 11–21 қыркүйек аралығында ауыл спортшылары арасында ірі республикалық жарыс өтті. Додаға еліміздің әр өңірінен спортшылар жиналып, өз бақтарын сынады. Жарыс бағдарламасына барлығы 20 спорт түрі енгізілсе, соның 17 түріне Павлодар облысының құрама командасы қатысып қайтты. Құрамында 150-ден аса спортшысы бар делегация облыстың намысын абыроймен қорғады. Нәтижесінде олар 10 жүлделі орын алды.
– Павлодарлық спортшылар жарыс барысында бірнеше спорт түрінен жүлделі орындарға қол жеткізді. Олар: бес асық – қыздар бірінші орын, үстел теннисі – қыздар бірінші орынға, ұлдар үшінші орынға тұрақтады, тоғызқұмалақ – ұлдар командасы екінші орын алды, жорға жарысы – жүлделі үшінші орын, волейбол қыздар – үшінші орын, футбол – бесінші орын иеленіп қайттық, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық-дене шынықтыру жұмысы бөлімінің басшысы Талғат Сәкен.
Бұл жекелей жарыстардың толық ресми хаттамасы әлі берілмегендіктен, толық мәліметтер кейінірек белгілі болады.
– Барлық спорт түрлері бойынша жинақталған ұпай нәтижесінде Павлодар облысы жалпы командалық есепте сегізінші орынға тұрақтады, – деді Талғат Сәкен.
Талғат Сәкеннің айтуынша, жарыс жоғары деңгейде өтті. Дегенмен, кейбір қиындықтар да кездесті, ол спорттық нысандардың бір-бірінен алыс орналасуы. Кейбір спорт кешендері 28 шақырымға дейінгі арақашықтықта болғандықтан, спортшыларға қатынау қолайсыздық тудырды. Соған қарамастан, жарыс тыныш әрі сәтті өтті.