Павлодар ауданында грант алғандар қандай кәсіппен айналысады?
Мемлекеттік қолдау алмас бұрын бағдарламаға қатысушылардың әрқайсысы кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өтуі керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өткен жылы Павлодар ауданының 42 тұрғыны жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін 400 АЕК көлемінде грант алуға өтінім берген. Оның ішінде 20 адамның жобасы мақұлданған. Қаржыландыруға үміткерлердің басым бөлігі – көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар адамдар.
Олардың көпшілігі грант қаражатын мал шаруашылығын дамытуға, атап айтқанда, ірі және ұсақ мал, жылқы мен үй құстарын өсіруге бағыттауды жоспарлаған. Ал 16 ауыл тұрғынына шиномонтаж шеберханасын ашуға, құм блоктарын өндіруге, полиграфия, тігін және дәнекерлеу цехтарын, бьюти-студияны дамытуға, сондай-ақ үй жағдайында жартылай фабрикаттар дайындауға қажетті технологиялық жабдықтар керек болған.
Ерекше жобалардың бірі – таңқурайдың премиум сұрыптарын өсіруге бағытталған «Таңқурай Ханым» жобасы. Оны Мичурин ауылдық округіне қарасты Үмітапа ауылында тұратын көпбалалы ана Аида Хаербаева жүзеге асырған. Ол 400 АЕК, яғни 1 миллион 730 мың теңге көлеміндегі грант қаражатына көшет, мұздатқыш камералар мен қажетті жабдықтарды сатып алып, тамшылатып суару жүйесін орнатқан.
– Мемлекеттік қолдаудың арқасында отбасылық кәсіп ашып, туған ауылымыздың дамуына үлес қосып, тұрғындарды дәруменге бай пайдалы өніммен қамтамасыз етіп отырмыз, – деді Аида Хаербаева.
Аудан әкімдігі өкілдерінің пікірінше, бұл жоба бизнес-жоспарды сауатты әзірлеу мен мемлекеттік қолдаудың арқасында бастаушы кәсіпкерлердің өз идеяларын жүзеге асыра алатынын көрсететін жақсы үлгі.
Мемлекеттік қолдауға Рождественка ауылдық округіне қарасты Розовка ауылының тұрғыны, ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеп отырған Галима Альшина да ие болған. Конкурстық комиссия оның «Galima Beauty style» бизнес-жоспарын перспективалы деп таныған. Былтыр қыркүйекте ол жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Галима Альшина бьюти-студия ашып, кәсіби жабдықтар сатып алған. Қазір кірпік ұзарту, шаштараз-стилист және тырнақ күтімі бойынша қызмет көрсетеді.
Әлеуметтік кәсіпкерліктің тағы бір жақсы үлгісі – Мичурин ауылдық округіндегі Хиса Берікболдың «Гүлім» тігін цехы. Жоба аясында құрақ құрау, ұлттық киімдер тігу және интерьерге арналған тоқыма бұйымдарын жасау көзделген. Бұл бағыттар бағдарлама талаптарына сәйкес келген.
– Ауылдық округтерде қызмет көрсету саласына сұраныс жоғары. Бұл – тұрғындарға қажетті жоба, сондықтан мемлекет тарапынан қолдау тапты, – деп атап өтті Хиса Берікбол.
Биылғы бірінші кезеңде грант алуға 22 адам өтінім беріп, оның тоғызы мемлекеттік қолдауға ие болды.