Павлодар ауданында май өндірісінің әлеуеті артады

Павлодар ауданында май өндірісінің әлеуеті артады
Фото: pixabay.com/banyan0928

Жергілікті кәсіпкерлер 2028 жылға дейін бірнеше өндірісті іске қосуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапары барысында «Кемеңгер-Май» ЖШС-не барды. Кәсіпорын басшысы Ибрагим Халяпов зейнетке шыққан соң өңірге қоныс аударып, май өндірісін дамытуды қолға алды. Алғашқы өнім биыл шығарылмақ. Кейін өндіріс қуаттылығы екі есеге дейін ұлғаяды деп күтілуде.

Павлодар ауданында кәсіпкерге қолдау көрсетіліп, тұрғын үй беру жоспарланған.

Облыс әкімі Асайын Байханов өндірістің өзіндік ерекшеліктеріне тоқталды.

– Бізде майлы дақылдардың өнімділігі жоғары емес, фермерлер бұл іспен тек соңғы жылдары ғана айналыса бастады. Күнбағыс сияқты дақылдарға көшу оңай болмай тұр. Біз қарапайым дүниеден бастадық. Егістікті әртараптандыру, бидайға деген тәуелділіктен арылу. Бүгінде 1,7 миллион гектардың жарты миллионға жуығын майлы дақылдарға бердік, – деді өңір басшысы.

Аймақ басшысы фермерге жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Біз өз тарапымыздан бағдарламаларды кеңейтіп, техниканы лизингке алуды көбейтеміз, пайыздық мөлшерлемелерді төмендетеміз және өңірлік бағдарламаларды қосамыз. Сонда күнбағыс көлемі артады. Инженерлік инфрақұрылым бойынша да қолдау жеткілікті. Сіздерден талап етілетіні – тек жобаны дұрыс әзірлеу. Павлодар өңірінде өнеркәсіп те, ауыл шаруашылығы да қарқынды дамуда, – деді Асайын Байханов.

Асайын Байхановтың айтуынша, 2020 жылы облыста суармалы жер көлемі 17 мың гектар болса, қазір ол 80 мың гектарға жеткен. Бес жыл бұрын 300 мың тонна картоп өндірілсе, биылғы өнім үш есеге жуық артты. Ал күнбағыс көлемі соңғы үш жылда екі есеге өскен.

– Технологиямен жұмыс істеу керек, ғылымды тарту қажет. Қажет болса, өңірлік гранттар бөлеміз. Ерекше мәселелер бойынша астанаға барып та шешеміз. Ең бастысы, жұмысты тезірек бастап, бәсекеге қабілетті болу керек. Бізге жұмыс істемейтін зауыт қажет емес, – деді өңір басшысы.

Кездесу соңында «Кемеңгер-Май» ЖШС өкілдері Павлодар облысында жердің ебін тапқысы келетін азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.