Екібастұзда үш жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды

Бір тәулік ішінде қалада үш автокөлік тоқтатылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұзда полицейлер 4500-ден астам жол жүру ережесін бұзу дерегін анықтады. Оның ішінде 104 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған.
– Бір тәулік ішінде қалада үш автокөлік тоқтатылды. Энергетиктер көшесінде Ваз 21144 жүргізушісі, Қонаев – Бұқар жырау көшелерінің қиылысында Daewoo Nexia жүргізушісі және М.Әуезов көшесінде Chevrolet Cobalt жүргізушісі спирттік ішімдік ішіп, рөлге отырған. Барлық жүргізушілер куәландырылып, көліктері арнайы тұраққа қойылды. Сот шешімімен олардың әрқайсысы 20 тәулікке қамалып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылды, – деді Екібастұз қалалық полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов.
Сонымен қатар, 1795 жүргізуші жылдамдықты асырған, 691-і қауіпсіздік белдігін тақпаған, 240-ы бағдаршамның қызыл жарығына өткен, 63-і апаттық жағдай туғызған және 49-ы қарсы қозғалыс жолағына шыққан.
Полиция жол-көлік оқиғаларына себеп болатын факторлардың бірі – жол сапасы екенін атап өтті. Осы ретте өңірде 65 тексеру жүргізіліп, қозғалысқа қауіп төндіретін ақаулар анықталды.