Қарағандының сазы Павлодар төрінде шырқалады
Ертіс даласында Қарағанды академиялық симфониялық оркестрінің концерті өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл облыстық филармония өзінің 85 жылдық мерейтойына атап өтуде. Осыған орай мәдениет ошағы жаңа шығармашылық маусым аясында көрермендерге еліміздің жетекші өнер ұжымдары мен танымал музыканттарының концерттерін ұсынуды жөн көрген.
Алдағы кеште Еркеғали Рахмадиев атындағы Қарағанды академиялық симфониялық оркестрі өнер көрсетеді. Дирижерлік пультке Қазақстанның танымал дирижерлерінің бірі — Айдар Торыбаев шығады. Ол Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясы мен Чайковский атындағы Киев консерваториясының түлегі. Әр жылдары Львов симфониялық оркестрін басқарып, Днепропетровск филармониясының көркемдік жетекшісі қызметін атқарған.
Концертте қазақ музыкасы мен еуропалық симфониялық классика үндеседі. Кеш Т.Кажғалиевтің аяқталмаған «Дала аңызы» балетінен алынған «Қыз қуу» симфониялық күйімен басталады.
Мәдени шара барысында халықаралық конкурстардың лауреаты, Астана қаласынан келген скрипкашы Сағадат Омарғазин Никколо Паганинидің скрипка мен оркестрге арналған №1 ре мажор концертін орындайды. Музыкалық кешті Людвиг ван Бетховеннің №5 до минор симфониясы қорытындылайды. Ал концертті Людмила Гольская жүргізеді.
Концерт 5 қазан күні сағат 19:00-де Иса Байзақов атындағы филармонияның концерт залында өтеді.
Билеттерді филармония кассасынан және Ticketon.kz онлайн-сервисінен сатып алуға болады.
Анықтама телефондары: 8 (7182) 22-80-87, +7-775-593-08-97.