Павлодар ауданында әжелер креативті жұмыспен шұғылданады

Павлодар ауданында әжелер креативті жұмыспен шұғылданады
Фото: Алмагүл Өмірзақова

Мәдени іс-шаралар су жаңа ғимаратта өтеді,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Мичурин ауылында жоба «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Нысанның бас мердігері – «Жәрдем» ЖШС. Құрылыс жұмыстары биылғы сәуір айында басталған, жалпы мерзімі 15 айға есептелген. Мәдениет үйі толық пайдалануға берілуі екі жыл ішінде жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта жер қазу жұмыстары аяқталып, іргетас құю және жертөле қабатының жабын плиталары орнатылды. Бүгінде мың текше метрден астам бетон құйылып, нысанның берік іргетасы қалануда.

– Бұл – мен салған екінші мәдениет үйі. Бұған дейін Май ауылындағы осындай жобаны бастап, толық аяқтап тапсырдық. Қазір Мичуриндегі мәдениет үйінің құрылысын жүргізудеміз. Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін ғимараттың толық қаңқасын тұрғызып үлгереміз, – деді құрылыс учаскесінің бастығы, 30 жылдан астам тәжірибесі бар маман Анарбай Нұрханов.

250 орындық жаңа нысан заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Оның ішінде: балаларға арналған үйірмелер, домбыра, ән, би, қолөнер, шығармашылық бөлмелері, соның ішінде «креативті әжелер бөлмесі» тоғыз компьютермен жабдықталады, жергілікті тұрғындар үшін спорттық және ойын алаңдары қарастырылған.

– Сонымен қатар, ғимарат мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген: үш жақтан кіретін пандустар, көтергіш құрылғылар және арнайы орындар бар, – деді Анарбай Нұрханов.

Жобада толықтай абаттандыру жұмыстары, асфальт төсеу, кеспетас төсеу, балалар мен спорттық алаңдар салу қарастырылған. Ғимарат заманауи жиһаздармен, музыкалық аспаптармен, сахналық құралдармен және барлық қажетті техникамен жабдықталады.

– Мәдениет үйінің құрылысына «Amanat» партиялық мониторингтік тобы тұрақты бақылау жүргізуде. Оның құрамына қалалық филиалдың атқарушы хатшысы Сүлеймен Сыздықов, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Виктор Пряхин кіреді, – деді ҚР Мәдениет қайраткері Мичурин ауылдық клубының басшысы Алмагүл Өмірзақова.

Олардың айтуынша, нысанның сапасы мен уақытында аяқталуы ауыл тұрғындарының мәдени өмірін жандандырып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайды.

Жаңа мәдениет үйі – Мичурин ауылы үшін көптен күткен жоба. Ол ауылдың мәдени-рухани орталығына айналып, балалар мен жастарға шығармашылықпен айналысуға, тұрғындардың демалысын мазмұнды өткізуіне үлкен мүмкіндік береді.