Павлодар ауданы болашақ механизаторларының арманы қандай?

Павлодар ауданы болашақ механизаторларының арманы қандай?
фото: автор

@Pavlodarnews.kz  тілшісі жердің ебін таба білетін студенттермен сұхбаттасып, олардың болашағы жайлы сұрастырып көрді. 

Қазіргі уақытта «Ertis» жоғары аграрлық колледжінің студенттеріне жазғы демалыс туралы ойлауға уақыт жоқ. Болашақ механизаторлар Кемеңгер ауылы маңындағы егістік алқаптарында өндірістік тәжірибеден өтуде.

Илья Украинченко механизатор мамандығы бойынша білім алып жатыр. Ол жуырда  Қостанай облысында өткен AgroWorldSkills республикалық байқауының жүлдегері атанды. Байрақты бәсекеде Илья үшін жер жырту күрделі тапсырма болған. Болашақ механизатор Астана, Тараз, Ақтау және Петропавл қалаларының жастарымен бақ сынады.

– Жарыста бес модуль болды: John Deere тракторымен жер жырту, МТЗ-82 техникасын автодромында жүргізу, тіркемені артқа жүріп дәл тоқтату, мойынтірек қондырғысын баптау және шапқыштың кесу биіктігін реттеу. Ең қиыны – жер жырту. Үздік жұмыс жырту жоталарының тегістігі мен тереңдігі бойынша анықталды, яғни, топырақ мінсіз дайындалуы тиіс. Себебі, құрылғы ешқандай қателіксіз тегіс жүруі керек. Жырту тереңдігі 15-20 сантиметр болуы шарт, – деп атап өтті студент.

Ол жарысқа дейін бір жарым ай бойы тынымсыз дайындалып, оқытушысымен бірге егіс алқабында сағаттап жатыққан. Енді Илья оқу тәжірибесінен өтіп жатыр.

– Қазір біз жер жырту, тракторларды жөндеу, жырту және егу агрегаттарын реттеу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Келесі жылға топырақты дайындаудамыз. Жер тынығуы тиіс, содан кейін күнбағыс тұқымын себеміз, – дейді Илья.

Жігіт  механизатор мамандығын жайдан-жай таңдаған жоқ. Студенттің әкесі мен атасы кезінде ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен. Содан болар, Ильяның әр жазғы каникулы егіс алқабында өткен. 

Нұрсұлтан Нәби де механизаторлар әулетінен. Оның атасы мен әкесі осы аграрлық колледжде білім алып, шаруашылықтарда жұмыс істеген. Сондықтан, Нұрсұлтан бұл мамандыққа жүрек қалауымен келді. Ол да ауыл шаруашылығы саласын механикаландыру құзыреттілігі бойынша өткен облыстық жарыста жүлдеге ие болған. 

– Алдымен біз тракторды басқаруды үйрендік. Ол үшін колледжде арнайы симулятор бар. Біраз жаттыққан соң шынайы техникаға көшеміз. Қазіргі уақытта  К-700 тракторын тізгіндеп жүрмін. Бұл байқау тапсырмаларын сәтті орындауға көмектесті. Жарыста біз комбайн жұмысын реттедік, ауылшаруашылық техникасының дөңгелектерін борттап, құрастырдық және жер жырттық, – дейді Нұрсұлтан Нәби.

Колледж басшысының оқу-өндірістік бөлім бойынша орынбасары Егеубай Рахметуллиннің айтуынша, түлектердің жартысы осы мамандықта қалса, бұл тек оқытушылар құрамы үшін ғана емес, аймақтың агроөнеркәсіптік секторы үшін  үлкен жетістік.

– Студенттер әртүрлі, біріне мотивация қажет, ал кейбіреулері ерекше ынтамен оқиды. Қызығушылықтары да әр түрлі. Біздің міндетіміз – оларды қолдау, барлық қажет дағдыларды үйрету. Механизация ауқымы кең сала болғандықтан, бұл біліктілікпен кез келген жерде жұмыс табуға болады, – дейді Егеубай Рахметуллин.

Қазір студенттер үшін қарбалас кезең. Ылғалды сақтау шараларынан кейін жер дайындалды. Дегенмен, ылғал жеткіліксіз. Сәл күтуге тура келеді

– Тұқым қоры дайын, сепкіштеріміз сақадай сай. Арамшөп пайда болды, бірақ біз алқап топырағын өңдеп қойдық. Жаңбыр жауа салысымен, егіс науқанын бастаймыз. Біздің студенттер оқытушылардың бақылауымен тракторларды сенімді басқарып, ақауларды жоюды үйренуде, – дейді Егеубай Рахметуллин.

Оқытушылардың айтуынша, колледж иелігінде 1200 гектар құнарлы жер бар. Оның 300 гектарына көпжылдық шөптер егілген. Бұл жемшөп өндірісі үшін қажет.

– Біздің оқу шаруашылығында ветеринария мамандығы бойынша оқитын студенттердің практикалық жұмыстары жүргізуі үшін төрт түлік мал бар. Жоспар бойынша 100 гектарға күнбағыс егілуі тиіс. Қазір 50 гектар жерге қарақұмық себу алдында егістіктерді өңдеудеміз. Әлеуметтік серіктестеріміз бізді тұқыммен қамтамасыз, – дейді Егеубай Рахметуллин.

Ал күзде студенттерді жаңа тәжірибе, өнім жинау науқаны күтіп тұр. Оқу аясындағы жұмыстар қыста да тоқтамайды, себебі көктемгі егіске дайындық міндеті тұр.

«Ertis» жоғары аграрлық колледжінде ауыл шаруашылығы саласындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша 900-ден астам студент білім алуда. Биыл «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері» және «Бухгалтерлік есеп» сияқты жаңа мамандықтар ашылды. Алдағы уақытта 140-тан астам студентті қабылдау жоспарланған. Сондай-ақ, оқу орны қысқа мерзімді оқыту бойынша республикалық тізімге енді.

Трактористер, ветеринарлық операторлар, жасанды ұрықтандыру мамандары және бухгалтер-кассирлер үшін курстар басталды. 

«Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжі заман талабына сай мамандарды даярлау орталығына айналды. Оқу орны жыл сайын еңбек нарығының нақты сұраныстарына жауап беру үшін жаңа мамандықтарды іске қосады.