Павлодар фермерлері әлемдік компанияның серіктесіне айналды

Павлодар фермерлері әлемдік компанияның серіктесіне айналды
Фото: Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі

Алматы облысында салынып жатқан снэк зауытына картопты Павлодар мен тағы төрт облыстың фермерлері жеткізеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте PepsiCo қоры директорлар кеңесінің төрағасы Стивен Кихоны қабылдады. Кездесуде Қазақстандағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы талқыланды.

Әлемге әйгілі бренд Алматы облысында снэктер шығаратын зауыт құрылысына кірісті. Инвестиция көлемі – 368 миллион доллар. Президент жобаны іске асырудан күтілетін экономикалық пайдаға назар аударды. Компания 900-ге тарта тұрақты жұмыс орнын ашудан бөлек, қытырлаққа арналған картопты жергілікті жерде өсіруге ниетті, – деді Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.

Стивен Кихоның айтуынша, бүгінгі таңда бағдарламаға Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Алматы және Жетісу облыстарынан 15-ке жуық шаруашылық қосылған. Бұдан бөлек, шикізатты сақтау базасын кеңейтіп, картоп өнімділігі мен сапасын арттыру үшін ғылыми тәсілге жүгіну жоспарланып отыр.

Президент мырза, қабылдағаныңыз үшін алғыс айтамын. Бүгінгі Нью-Йорктегі жұмыс күніңізді бізбен кездесуден бастағаныңызға ерекше қуаныштымыз. PepsiCo компаниясының Қазақстанға салған инвестициясы – біздің ең маңызды әрі мақтан тұтатын жобаларымыздың бірі. Бұл біздің экожүйеміздегі снэк шығаратын ең үлкен зауыт санатында болады. Біз өндірістің тезірек ашылып, толық іске қосылуын асыға күтеміз. Зауыт келесі жылы маусым айында ашылады деп үміттенеміз, – деп атап өтті PepsiCo қоры директорлар кеңесінің төрағасы Cтивен Кихо.

Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның орнықты агрошаруашылықты дамыту бастамасына қолдау білдіріп, Үкімет пен жергілікті әкімдік өндірістің уақтылы іске қосылуына барынша жағдай жасайтынын айтты.