Павлодар мұзы елдегі мәнерлеп сырғанау көшбасшыларын біріктіріп отыр

Павлодар мұзы елдегі мәнерлеп сырғанау көшбасшыларын біріктіріп отыр
Фото: Константин Шелков

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасының чемпионаты – биылғы жылдың ең маңызды спорттық оқиғаларының бірі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікованың айтуынша, мемлекеттік саясат спортты дамытуға және жан-жақты қолдауға бағытталған.

– Бүгінде қазақстандық спортшылар халықаралық ареналарда ірі жеңістерге жетіп жүр. Бүгін алдымызда тұрған қатысушылардың арасында болашақта еліміздің намысын Олимпиада ойындарында абыроймен қорғайтын спортшылар бар екеніне сенімдіміз, – деді өңір басшысының орынбасары.

Құрметті қонақ ретінде шақырылған, павлодарлық мәнерлеп сырғанаушылар – Анна мен Мария Санниковалардың жаттықтырушысы Оксана Тен бұл ауқымды жарысты ұйымдастыру Павлодар қаласы мен облысы үшін бұрын мамандар қатысқан халықаралық деңгейдегі жарыстармен пара-пар екенін атап өтті.

– Бұл жарысқа жарты жыл дайындалдық. Қыздар сөзсіз талантты. Үлкені – Аня көшбасшы орындарға шығуы тиіс. Ал кішісі – Машенька жасы жағынан әлі кішкентай болғанымен, жоғары деңгей көрсетіп жүр. Жақында ол өз жас санатындағы негізгі көшбасшылардан кейінгі спортшылар арасында бірінші орынды иеленді. Әр баланың техникалық, музыкалық, артистік және сыртқы деректерін ескере отырып, бағдарлама жеке-жеке таңдалды. Маша ересек спортшылардан кем түспейді: оның қоржынында көшбасшылар орындайтын күрделі каскадтар бар. Сол элементтердің бірін ол өз жасында бірінші болып орындайды, әрі оны тіпті ұлттық құрамадағы қыздардың өзі сирек орындайды, – деді қазақстандық мәнерлеп сырғанаудың жұлдызы Денис Теннің анасы.

Оксана Тен бұл чемпионатта әлсіз спортшылар жоқ екенін атап өтті. Дегенмен павлодарлық мәнерлеп сырғанаушылардың көшбасшы екені анық. Қазіргі уақытта Анна үшінші орында келе жатыр, ал қорытынды нәтиже сырғанаулар аяқталған соң шығарылады.

Өз ойымен Анна Санникова да бөлісті. Ол 15 жаста, оның 11 жылын мәнерлеп сырғанауға арнаған.

– Алғашында айтарлықтай жетістіктерім болмады. Бірақ соңғы жылдары Қазақстан Республикасының құрамасына қабылдандым. Бангкок пен Абу-Дабиде өткен юниорлар арасындағы Гран-при кезеңдеріне екі рет іріктеуден өттім. Қазақстан чемпионаттарының үш қола медалі мен күміс жүлделерім бар. Төрт құрлық чемпионатына, әлем чемпионатына және Олимпиада ойындарына қатысу – менің арманым. Бұл жарыста талап жоғары, бәсекелестік өте күшті. Осы чемпионаттағы мақсатым – жақсы сырғанап, өнерден ләззат алып, бар күшімді салу, – деді спортшы.

Павлодар облысы мәнерлеп сырғанау федерациясы вице-президенті Жанна Ибрашева чемпионатқа Қазақстанның 11 өңірінен 75 спортшы келгенін айтты.

– Павлодар – қысқы спорт түрлері дамыған солтүстік өңір болғандықтан, жарыс өтетін орын ретінде таңдалды. Аймақты дамыту қажет, ал мәнерлеп сырғанау – ең әсем спорт түрлерінің бірі ретінде ерекше қолдауды талап етеді. Чемпионатқа жеке сырғанаушылар – ұлдар мен қыздар, сондай-ақ спорт шеберлері бағдарламасы бойынша ересек спортшылар қатысуда. Мұздағы билер бойынша екі жұптың бағдарламасы ұсынылған. Спорт шеберіне үміткерлер мен спорт шеберлері үшін арнайы іріктеу талаптары бар, ал мәнерлеп сырғанауда спортшылар санаттан санатқа өтуге мүмкіндік беретін жіктеу жүйесі қолданылады, – деді ол.

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасының чемпионатының жеңімпаздары ересектер арасындағы әлем чемпионатына іріктеуден өту құқығына ие болады.