Павлодар облысында Қытайдың 20 азаматы әкімшілік қамауға алынды
Шетелдіктердің Қазақстанда еңбек ету тәртібін бұзғаны анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Железин аудандық сотының мәліметінше, Қытай Халық Республикасының 20 азаматына қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы істер қаралды.
Сот анықтағандай, 23 қазанда полиция қызметкерлері Железин ауданының Үрлітөбе ауылында тиісті рұқсатсыз жұмыс істеп жүрген шетелдіктерді анықтаған.
Тексеру барысында олардың паспорттарында С3 санатындағы визалар болғаны белгілі болды. Алайда визаларды рәсімдеу жүйесінде еңбек қызметін жүзеге асыратын жер ретінде Алматы қаласы көрсетілген.
Сот отырысында Қытай азаматтары кінәларын толық мойындап, әкімшілік хаттамаларда көрсетілген мән-жайларға қарсылық білдірмеген.
Істі қарау қорытындысы бойынша сот шетелдіктерді ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 517-бабының бесінші бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.
Олардың әрқайсысына бір тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Сот қаулылары заңды күшіне енді.