Павлодарлықтар үшін Ф-6 анықтамасын алу жолы жеңілдеді

Павлодарлықтар үшін Ф-6 анықтамасын алу жолы жеңілдеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Енді жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы анықтаманы бірнеше минут ішінде онлайн алуға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық Әділет департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ф-6 анықтамасы – өтініш берушінің атында жылжымайтын мүліктің бар немесе жоқ екенін растайтын ресми құжат. Бұл мәлімет жылжымайтын мүлікпен байланысты мәмілелер жасау, кредит ресімдеу және басқа да заңды немесе әкімшілік рәсімдер үшін қажет.

– Аталған анықтаманы eGov.kz электронды үкімет порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы онлайн түрде алуға болады. Ол үшін порталға кіріп, «Жылжымайтын мүлік» бөлімінен «Ф-6 анықтамасы (жылжымайтын мүліктің болуы туралы)» қызметін таңдап, өтінім беру қажет. Қызметті алу барысында барлық тиісті жолдарды толтырып, қол қою әдістерінің бірімен растайсыз. Нәтижені өзіңіздің Жеке кабинетіңізден көруге болады, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ бұл қызмет Kaspi Bank, Halyk Bank, Еуразиялық банк, Банк ЦентрКредит және Freedom Bank мобильді қосымшалары арқылы да қолжетімді.