Павлодарлық дін маманы: «Қарызға батып, ауызашар берудің қажеті жоқ»

Павлодарлық дін маманы: «Қарызға батып, ауызашар берудің қажеті жоқ»
Фото: Константин Шелков

Облыстың пәтуаға жауапты маманы Есімбек Омар ораза айындағы ысырапшылдыққа қатысты үндеу жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілішісі.

Шариғат бойынша жайылатын кез келген дастарханда ысырапқа жол берілмейді. «Ислам дініміз адамға ешқашан қиыншылықты бұйырмайды. Сондықтан шамасы келген адам садақа мен ауызашар береді. 

– Өзгеге ауызаштыру міндетті құлшылыққа емес, ерікті құлшылық түріне жатады. Ал дінімізде ерікті құлшылық айтпағанда міндетті құлшылықты атқаруға қаржылық жағдайдың дұрыс болуын талап етеді.  Мысалы ретінде зекет беру, қажылыққа бару парыз болғанымен, тек жағдайы жақсы адамға міндет,  – дейді ол.

Дін маманының айтуынша, ауызашар беру үшін қарыз алып, шығындалудың қажеті жоқ. Бұл – үлкен сауап екені белгілі. Алайда оған қарызды өтей алатындай шамасы келетін адам қарыз алу арқылы ауызаштыруға рұқсат. Бірақ міндетті түрде деген сөз емес. Қарыз деп пайызсыз, яғни  шариғат белгіленген қарызды айтқымыз келді. 

– Шариғат кез келген адам өзінің шамасына қарап ауызашар дастарханын жайған дұрыс. Өзгемен жарысамын деп қарызға батып  қалмау қажет. Бастысы, Аллаға біздің дастарханның молдығы емес, шынай ниетіміз қажет,  – дейді Павлодар облысының пәтуаға жауапты маманы Есімбек Омар Советұлы.

Дініміздің басты қағидасы – адамға қиыншылық емес, жеңілдік қалайтынын ескерген жөн.

Соңғы уақытта  ауызашар бір-біріне еліктеушілік немесе қинау, зорлыққа ұласып кетіп жатыр. Ораза ағайындарды біріктіру, ұзағандарды жақындастыру, ренжіскендерді райынан қайтару, алдынан өту сынды ғибратты іс-әрекеттерді қамтыған дұрыс. 

Ауызашар берудегі ең ескеретін тұс – дастарқанда бақталастық болмау керек. Ол қоғамда адамдардың «бәленшенің дастарқаны керемет болды», ал екінші бір адам жағдайы жеткенше жасаса, «дастарқаны қарапайым болды» деп әңгімелеп жататынын сынға алды. 

– Ауызашар өткізудің ысырабы жоқ. Үйіп-төгіп істеуге де болады. Ауызашарды кредитке алуға болмайды. Алайда жақын, таныс адамнан қарызға ақша сұрауға болады,  – дейді Қасым Қажы мешітінің имамы Бекболат Сапаров.

Оның сөзінше, бірінші су, сұйық тағамдар көбірек берілу керек. Бізде бірден алдыңа ет қояды. Мұндайда күні бойы аузы берік адамның шөлі басылмай қалады. Мүфтият, басқа да діни орындар бекіткен дастарқан мәзірі жоқ. Халқымыз құрмет білдіру үшін мол дастарқан жаяды. Алайда бақталастыққа өтіп кетпеуді қадағалау шарт.

Айта кетейік, қасиетті Рамазан айы қарсаңында арнайы MuftyatBot деп аталатын Telegram-бот іске қосылды. Жаңа Telegram-бот арқылы жалпы діни сұрақтарға жауап алуға болады. Яғни, бұл жоба шариғат мәселелері бойынша ақпарат беруге және кеңес ұсынуға арналған.