Павлодарда вице-министрге жаңа «Aiqara.kz» порталы таныстырылды
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров Павлодарда БАҚ өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Кездесу барысында вице-министр жаңадан ашылған «Aiqara.kz» ақпараттық-сараптамалық порталымен танысты. БАҚ өкілдерімен баспасөз жиынын өткізіп, сұрақтарына жауап берді.
Жаңа ашылған портал ақпаратты қазақ тілінде айқара, яғни кең тұрғыда, сараптап жариялайтын болады. Ақпараттық портал түрлі бөлім-санаттарды топтастырып, күнделікті тұрғыда және әр қилы бағыттар мен тақырыптарда мақалаларды, бейне-контенттерді ұсынатын болады.
Порталының бас редакторы – ҚР Ақпарат саласының үздігі Асыл Әбіш. Портал құрылтайшысы – «Ертіс Медиа» ЖШС.
Жергілікті БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз жиынында вице-министрге журналистерге үй алуға жеңілдік жасау бойынша жұмыстар жасалып жатқан жайлы сауал қойылды.
Данияр Қадыровтың айтуынша, қазіргі уақытта журналистерді қорғайтын заң жобасы әзірленіп жатыр.
- Заң жобасының ішінде пресс-карта деген бар. Онымен журналист аккредитациясыз кез келген мемлекеттік органның ішіне кіріп сұхбат алып жүре алады. Мысалы, шет елдерде пресс-карта арқылы қоғамдық көліктерде тегін жүре алады. Болашақта осы пресс-карта арқылы ипотеканы жеңілдікпен алуға болатын шығар. Қазір алдымен пресс-картаны қолданысқа енгізу керек. Қазір көп журналист сіз айтқан сұрақты қойып жатыр, - деді Данияр Қадыров.
Сонымен қатар, «Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев «Қазпошта» арқылы шалғай ауылдарға газетті жеткізуде проблемалар бар екенін атап өтті. Сондықтан «Қазпоштадан» өзге жеткізу тетіктерін қарастыруды сұрады.
- Бұл көтеріп отырған мәселе өте өзекті. Қазіргі таңда біздің министрлік осы мәселені өзінің жеке бақылауында ұстап отыр. Бұл жерде екі мәселе болып тұр: басылымдарды шалғай ауылдарға жеткізу және қағаздың бағасы. Бұл мәселеден хабардармыз. Министр Қазпоштаның басшылығымен бірнеше мәрте кездесті. Бірнеше тетіктер бар, соны қарастырып жатырмыз. Бұл мәселе шешімін табады деп есептеймін, - деді Данияр Қадыров.
Сондай-ақ Павлодар тұрғыны вице-министрге «TikTok» желісінде ақпараттар сүзгіден өтпейтінін, балаларға қажетсіз ақпараттар жарияланатынын айтып шағымданды. Вице-министр бұл мәселе бүкіл әлемге ортақ екенін атап өтті. Сондықтан дамыған елдердегі тәжірибелерге сүйеніп, ақпараттарды сүзгіден өткізу жолы қарастырылып жатқанын айтты.
Фото: Константин Шелков