Павлодар облысында қар жауып, жолдарда көктайғақ күтіледі
«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерге ауа райының нашарлауына байланысты ескерту жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, синоптиктер Павлодар облысында түнгі және таңғы уақытта қар аралас жаңбыр мен қар жауатынын болжап отыр. Кей жерлерде көктайғақ болуы мүмкін.
Осындай ауа райы Ақмола, Абай, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында да күтіледі.
Компания жүргізушілерді жолда мұқият болуға, жылдамдықты төмендетіп, қауіпсіз арақашықтықты сақтауға шақырды. Сондай-ақ сапар бағытын алдын ала жоспарлап, аса қажеттілік болмаса алыс жолға шықпау ұсынылады.
Мамандар көлік дөңгелектерінің жағдайына ерекше назар аударуды ескертеді. Жазғы шиналар көктайғақ кезінде жолмен ілінісуді нашарлатып, көлікті басқаруды қиындатады. Бұл жол-көлік оқиғасының қаупін арттыруы мүмкін.
Жол қызметтері тәулік бойы жұмыс істейді. Республикалық маңызы бар автожолдардың жағдайы мен ауа райына қатысты өзекті ақпаратты 1403 байланыс орталығынан білуге болады.