Павлодар облысында әуеден жүргізілген рейд барысында жабайы аңдар есепке алынды
Бір аптада бірнеше рет әуеден бақыланады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында браконьерлік пен табиғат қорғау заңнамасын бұзу фактілерінің алдын алу мақсатында тұрақты авиациялық рейдтер жүргізіледі. Соңғы әуе бақылауы кезінде мамандар арқар, қасқыр және түлкіні байқаған.
Парк аумағындағы жануарлардың арасында арқар жиі кездеседі. Ал қасқыр мен түлкіні әуеден көру – сирек жағдай. Аңшылықтанушы Бекзат Әкімбековтің айтуынша, соңғы жылдары жабайы жануарлар санының күрт өзгеруі байқалмаған, керісінше, кейбір түрлердің саны артып келеді.
– Қазіргі таңда ұлттық парк аумағында 794 арқар, 26 бұлан, 82 қасқыр, 178 түлкі, 3980 қоян, 42 сілеусін, 1560 тиін, 160 борсық, 90 қабан, 78 қарсақ, 88 елік және 12 170 суыр бар. Сонымен қатар, үйрек пен басқа да құс түрлері кездеседі, – деді аңшылықтанушы.
Мамандардың мәліметінше, парк аумағында соңғы бес жылда браконьерлік дерегі тіркелмеген. Бұған дейінгі соңғы заңбұзушылық бойынша бір адам екі жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекетке келтірілген 12 миллион теңге залалды өтеген. Биылғы рейдтер кезінде де браконьерлік фактілері анықталмаған.
Авиациялық бақылау аптасына екі-үш рет өткізіледі. Бір рейд барысында шамамен 30-120 мың гектар аумақ қамтылады. Оған бірден үшке дейін маман қатысады. Әуе рейдтері тек заңсыз аң аулауды анықтаумен шектелмейді. Мамандар орман және табиғат қорғау заңнамасының сақталуын да бақылайды.
– Әуеден бақылаудың мүмкіндігі мол. Тікұшақпен жетуі қиын жерлерге жылдам баруға болады, әрі биіктен үлкен аумақты көруге мүмкіндік бар. Рейдтер кезінде браконьерлікпен қатар орманға қатысты заңбұзушылықтар да анықталуы мүмкін, – деді Бекзат Әкімбеков.
Аңшылықтанушының айтуынша, әзірге парк аумағында жануарлар санының азаю фактілері тіркелмеген. Олардың санын сақтау үшін қыс мезгілінде жабайы жануарларға қосымша қорек беріледі. Сондай-ақ тұрақты рейдтік жұмыстар жүргізіледі.
Әуе бақылауы жыл сайынғы жоспарға енгізілген. Мамандар алдағы уақытта да авиациялық рейдтерді жалғастырып, ұлттық парктің табиғи байлығын қорғауға басымдық бермек.