Павлодар балабақшаларында мыңнан астам бос орын бар

Павлодар балабақшаларында мыңнан астам бос орын бар
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Балабақшаларға кезекке электронды түрде тұруға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық білім беру бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қала балабақшаларында барлығы 1281 бос орын бар. Оның ішінде 669 орын – қазақ тілінде, ал 612 орын орыс тілінде оқытатын топтарға тиесілі.

Балабақшаға кезекке жолдамаларды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Бірыңғай кезек жүйесі автоматты түрде береді. Кейін жолдамалар INDIGO жүйесінің жеке кабинетіне жіберіледі. Жолдама кезекте бірінші тұрған балаға автоматты түрде тағайындалады.

Жолдама беру тәртібі

  1. ED24 қосымшасы арқылы немесе ата-ананың ұялы телефон нөміріне орын босағаны туралы және жүйенің жолдама беруге дайын екендігі туралы хабарлама жіберіледі;
  2. Ата-ана хабарламаға жауап беруі тиіс;
  3. Оң жауап берілген жағдайда электрондық жолдама жасалады.

Жолдаманың жарамдылық мерзімі – 5 жұмыс күні. Осы уақыт ішінде ата-ана медициналық құжаттарды рәсімдеп, балабақшамен электрондық келісім-шарт жасауы қажет.

Келісім-шартты қалай жасауға болады?

Келісім-шарт INDIGO жүйесінің жеке кабинетінде жасалады:

  1. жүйе ата-анаға бос орын туралы SMS-хабарлама жібереді;
  2. ата-ана хабарламаға жауап беріп, жолдама алуға келісімін растайды;
  3. ата-ана балабақшамен электрондық келісім-шарт жасайды.

Жүйе хабарламасына жауап бермеген жағдайда не болады?

  • Егер ата-ана теріс жауап берсе, бала бұл балабақша кезегінен шығарылады;
  • Егер ата-ана хабарламаны елемесе, бала стоп-листке енгізіледі (стоп-лист мерзімі – 10 жұмыс күні, содан кейін бала кезекке қайтарылады).

Маңызды: Ата-ананың жауап беру мерзімі – 2 күнтізбелік күн. Егер ата-ана бас тартса немесе жауап бермесе, орын келесі кезекте тұрған балаға ұсынылады. Әрбір ата-анаға жауап беру үшін 2 күн беріледі.

– Егер өтініш берген кезде көрсетілген телефон нөміріңізді өзгертсеңіз немесе жоғалтып алсаңыз, жүйемен байланыс үзілетініне назар аударыңыз. Мұндай жағдайда ата-ана бос орын туралы хабарлама алмай, жауап бере алмайды, нәтижесінде баланың балабақша кезегінен шығу қаупі бар. ED24 қосымшасын өшірмеңіз. Қосымша SMS хабарламаны тегін push-хабарлама арқылы қайталайды. Бұл әсіресе роумингте болғанда немесе SMS хабарламалар жұмыс істемесе маңызды, – делінген хабарламада.

Бөлім INDIGO жүйесінде және Мобильді азаматтар базасында көрсетілген телефон нөмірінің өзектілігін үнемі тексеріп отыруға кеңес береді.