Биыл Павлодар облысында 400 миллион теңгеге жуық алимент өндірілді

12 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Проблемалық борышкерлер санын азайту мақсатында Павлодар облысының Әділет департаменті ағымдағы жылдың 24 каңтарынан бастап ЖСО ӨП және полиция органдарымен бірлесіп, рейдтік іс-шаралар ұйымдастырды, оның барысында борышкерлер тұратын пәтерлерді аралау жүргізілген.
Рейдтік іс-шаралардың нәтижелері бойынша 1 қаңтардан бастап борышкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы 178 хаттама толтырылды және 12 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Бес ай ішінде алимент бойынша берешекті өтеу жөнінде қабылданған шаралармен кәмелетке толмаған балалардың пайдасына 399 миллион теңгеден астам қаражат өндірілді.
Мысалы, жеке сот орындаушысы Айсұлтан Бақтияровтың орындауында кәмелетке толмаған екі баланы асырауға А. пайдасына алимент өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу болды. Іс жүргізу 2022 жылы мамыр айында қозғалған. Ал 2025 жылдың сәуір айындағы жағдай бойынша алименттік берешек алты миллионнан астам теңгені құрады.
– Атқарушылық іс қозғалған сәттен бастап оның борышкерге қатысты алимент төлеуден касақана жалтаруына байланысты пайда болған берешекті өндіріп алу үшін мәжбүрлеп ықпал ету шаралары қабылданды. Себебі борышкер жеке сот орындаушысынан жасырынып, өз міндеттемелерін орындаудан жан-жақты жалтарған, – деді облыстық Әділет департаментінің баспасөз қызметінде.
Бұл ретте, 23 сәуірде көші-қон полициясы органдары борышкерді белгілегеннен және борышкерге қатысты қабылданған іс жүргізу шараларынан кейін берешек толық көлемде өтелді.