Павлодарлық кәсіпкер қарақұмықты екі есе қымбатқа саудалаған
Ол сауда үстемесін 137 пайызға дейін көтерген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдушев мәлім етті.
Биыл сауда саласында (әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар) Павлодар облысының 12 кәсіпкерлік субъектісі бойынша бақылау субъектісінде профилактикалық бақылау жүргізілген.
– Профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша алты сауда субъектісіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағасын төмендету бойынша бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді. Сауда саласында 95 кәсіпкерлік субъектісін әкімшілік жауапкершілікке тарттық, – деді Дәулен Қабдушев.
2023 жылы белгіленген сауда үстемесін бұзғаны үшін 42 кәсіпкерлік субъектісі тартылды. Ағымдағы жылы бұл көрсеткіш екі еседен асып түскен. Спикер көрсеткіштердің өсуі жүргізіліп жатқан жұмыстың күшеюімен, тұтыну мәдениетінің өсуімен, сондай-ақ профилактикалық бақылау жүргізудің басталуымен байланысты екенін атап өтті.
– Жекелеген жағдайларда сауда үстемесі 137 пайызға дейін жетті. Мысалы, тексерулер нәтижесінде сауда субъектілеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін сақтау бойынша бұзушылықтарды жою ұйғарымдары енгізілді. Бұл шаралар бағаны екі еседен астам төмендетуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, қарақұмық жармасының килограмы 470 теңгеден 227 теңгеге дейін төмендетілді, – деді департамент басшысы.
Сонымен қатар, күнбағыс майы 855 тг/л-ден 502 тг/л-ге дейін, май 405-тен 304 теңгеге дейін, қант - 650 тг/кг-нан 563 тг/кг-ға дейін, күріш 750 тг/кг-нан 648 тг/кг-ға дейін, тауық еті - 1300 тг/кг-нан 1150 тг/кг-ға дейін төмендетілген.
Айта кетейік, департамент азаматтардан растайтын фактілермен, яғни, чек, баға белгісінің фотосы, сауда объектісінің мекенжайы, БСН және бағаны неге жоғары деп санайтын себептер бойынша өтініштер болған кезде жоспардан тыс тексерулер жүргізеді.