Павлодар облысында әйелдерді қолдау бойынша қандай шаралар іске асырылуда?

Павлодар облысында әйелдерді қолдау бойынша қандай шаралар іске асырылуда?
Фото: AI

Өңірде жалпы саны 400 мыңға жуық әйел бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімінің идеология мәселелері жөніндегі орынбасары Айгүл Мәлікованың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мен әйелдер құқығын қорғаудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен. Президенттің пікірінше, мемлекет әрдайым гендерлік теңдікке, әйелдердің құқықтарын қорғауға және отбасылық құндылықтарды нығайтуға ерекше назар аударады.

– Павлодар облысында әйелдердің жалпы саны – 391 572 адам. Оның ішінде қалалық жерде – 278 408 (71,1%), ауылдық жерде – 113 164 (28,9%). Әйелдер өңірдің әртүрлі салаларында белсенді еңбек етуде: білім беру және денсаулық сақтау салаларында – 73%-ға дейін, өнеркәсіпте – 31%-ға жуық. Сондай-ақ 25 мыңнан астам әйел машина жасау, энергетика, ауыл шаруашылығы, құрылыс және басқа да салаларда кәсіпкерлікпен айналысады. Облыстық және аудандық мәслихаттарда 186 депутаттың 52-сі – әйелдер (36%). Мемлекеттік қызметте 2561 әйел (68,3%) жұмыс істейді, олардың 532-сі басшылық қызметтерді атқарады. Өңірдегі 762 үкіметтік емес ұйымның 70%-ын әйелдер басқарады, – деп жазды Айгүл Мәлікова өзінің Instagram-парақшасында.

Оның айтуынша, өңірде Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Бұл комиссия гендерлік теңдікті дамыту мен отбасы құндылықтарын қолдауда маңызды рөл атқарады. Комиссия отырыстары әр тоқсанда өткізіліп, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, отбасы институтын нығайту, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-демографиялық саясатына қатысты өзекті мәселелер талқыланады. Кездесулер барысында әйелдердің өмір сүру сапасын жақсарту, өзін-өзі дамытуына қолайлы жағдай жасау және қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған маңызды шешімдер қабылданады.

Өңірде әйелдерді қолдау бойынша бірнеше бағыттағы шаралар іске асырылуда:

Экономикалық қолдау

Мемлекеттік бағдарламалар аясында әйелдерге арналған қолдау шаралары жыл сайын кеңейіп келеді. 2024 жылы мемлекеттік қолдау арқылы 1134 жоба мақұлданып, жалпы несие портфелі 71 523,1 миллион теңгені құрады. Оның ішінде әйел кәсіпкерлердің 432 жобасы (38%) мақұлданды, жалпы сомасы – 21 057,8 миллион теңге.

Әлеуметтік қолдау

Әйелдер мен балаларды қорғау мақсатында өңірде «Павлодар қалалық әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығы» жұмыс істейді. Бұл орталық отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсетеді. 2024 жылы орталықтан 303 адам (104 әйел және 199 бала) көмек алды. Орталық 53 орынға есептелген, әрбір келушіге жеке көмек көрсету жоспары әзірленеді.

Құқықтық қорғау

2024 жылы өңірде 4247 отбасылық зорлық-зомбылық жасаған құқық бұзушыға қорғаныс ұйғарымдары шығарылды. 277 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыстық полиция департаментінде отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі арнайы бөлім құрылды. Бұл бөлімде 47 маман жұмыс істейді, оның ішінде 3 адам басшылық қызметте.

Мемлекеттік қолдау мен әлеуметтік бағдарламалардың арқасында әйелдер басшылық лауазымдарға жиі тағайындалып, кәсіпкерлікпен айналысып, өңірдің дамуына елеулі үлес қосуда.

Айгүл Мәлікова әйелдерге қолдау шараларын одан әрі нығайта отырып, әділетті және өркендеген қоғам құруға ұмтылатынымызды, онда әрбір азамат, жынысына қарамастан, өз әлеуетін жүзеге асыра алатынын атап өтті.