Павлодарлықтың жеке оқиғасы жүздеген адамға үміт сыйлады

Бір диагноз жүздеген адамды қолдау қауымдастығына біріктірді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.
"Nur Jausyn" атты онкологиялық аурулары бар адамдарды қолдау қауымдастығы павлодарлықтар үшін ғана емес, еліміздің түрлі өңірлерінен келген азаматтар үшін де ерекше қолдау алаңына айналды. Төрт жыл бұрын бастамашыл топта ондаған адам болса, бүгінде олардың саны жүздеп саналады.
Қауымдастық жетекшісі Алтын Сәдуақасованың айтуынша, бір-бірін қолдағысы келетін жандардың саны артып келеді. Алайда бұл игі істің бастауы оның жеке өміріндегі күрделі кезеңмен байланысты.
– 2021 жылдың маусымында маған «глиобластома» ми ісігі диагнозы қойылды. Одан кейін ота, химия және сәулелік терапиядан өттім. Осындай ауыр диагнозбен бетпе-бет келгенде түрлі қорлар мен пациенттік чаттарды іздей бастадым. Сол жылдың күзінде онкодиспансердің бір бөлімінде бірге жатқан әйелдерден құралған WhatsApp тобына қосылдым, – дейді Алтын Сәдуақасова.
Кейін жеке қор ұйымдастырған фотокөрмеге қатысып, Алтын ұйымдастыру жұмыстарына белсене араласты. Көрмеден кейін екі апта ішінде топтағы қатысушылар оған қауымдастықты басқару туралы ұсыныс жасады.
– Сол сәтте Павлодар облысында диагнозы бар адамдарды қолдау қауымдастығын құру идеясы пайда болды. Біз бастамашыл топпен жиналып, Nur Jausyn деген атауды ойлап таптық, – деп еске алады ол.
Бүгінде қолдау чатында Астана, Алматы, Атырау, Абай облысы және Германиядан бір қатысушы бар. Қауымдастықтың басты мақсаты – моральдық қолдау көрсету және тәжірибе алмасу. Себебі диагноз қойылған сәтте адам абдырап, жалғыз қалуы мүмкін.
– Біз ең алдымен бір-бірімізге моральдық және ақпараттық қолдау көрсетеміз: жеңілдіктер туралы, мүгедектік комиссиясынан өту ережелері жайлы, химиятерапия, сәулелік және таргеттік терапиядан өту тәжірибесімен бөлісеміз. Мысалы, көптеген пациент позитронды-эмиссиялық және компьютерлік томография зерттеуіне жол жүру шығындары қайтарылатынын немесе мүгедектер үшін нотариалдық қызметтердің тегін екенін білмейді, – дейді қауымдастық жетекшісі.
Қауымдастық мүшелері дәрі-дәрмектерді бір-біріне тегін береді: біреуде таусылып қалса, екіншісінде артығы болса, бөліседі. Алаяқтарға алданып қалған пациент те болған, бірақ қауымдастық оларды жалғыз қалдырған жоқ.
Бүгінде Nur Jausyn – бұл ерекше әлем. Белсенділер мерекелерді назардан тыс қалдырмайды, бір-бірін құттықтап, жаңа бастамаларға демеушілер іздейді. Жылына бір рет Жасыбайға бір күндік сапар ұйымдастырылады. Қатысушыларды демеушілер қарсы алып, тегін тамақтандырады. Сондай-ақ сапар барысында киелі орындарға бару дәстүрге айналған.
Қауымдастықтың басты мақсаты – қатерлі ісік диагнозы үкім емес екенін көрсету. Онымен күресуге, өмір сүруге және қуаныш табуға болады. Мұның жарқын мысалы – «Қызғылт қазан» атты қолдау жүгірісінің өтуі. Кеше жүздеген павлодарлық орталық жағалауға шығып, емделіп жатқан жандарға қолдау білдірді.
Фото: автор