Павлодар облысында 1 миллион гектарға жуық жер мемлекетке қайтарылды
Өңірде қайтарылған ауылшаруашылық жерлерін айналымға енгізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы аймақ басшысы Асайын Байхановтың қатысуымен өткен аппараттық жиналыста талқыланды.
Павлодар облысының жер қатынастары басқармасы басшысы Мұрат Хамитовтің мәліметінше, соңғы төрт жыл ішінде облыста 940,6 мың гектар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның 2022-2025 жылдар аралығында 695,1 мың гектары қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Жолдауында жерлерді қайта айналымға енгізу жұмыстарын 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін толық аяқтауды тапсырған болатын. Осыған сәйкес облыста арнайы жол картасы бекітілген.
– Жол картасына сәйкес, биылғы жылдың ортасына дейін 245,5 мың гектар жерді қайта бөлу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 87 мың гектары айналымға енгізілді. Облыс бойынша жалпы көлемі 150 мың гектар жер учаскелеріне конкурс жарияланды, – деді Мұрат Хамитов.
Ол бұл процестің ашық әрі заң талаптарына сай жүргізілуі маңызды екенін атап өтті. Себебі конкурстық рәсімдердегі бұзушылықтар жоспардың орындалуына қауіп төндіруі мүмкін.
Алдағы кезеңде 61,7 мың гектарды қамтитын сегіз конкурс 15 маусымға дейін Екібастұз, Ақсу қалаларында, сондай-ақ Железин және Успен ауданы аумақтарында өтеді. Бұдан бөлек, 88,1 мың гектарды қамтитын тағы сегіз конкурс 15-29 маусым аралығында Павлодар, Ақтоғай, Май аудандарында және өзге аудандарда ұйымдастырылады.
Жергілікті тұрғындарды жайылымдық жермен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар резервтік шешімдер қабылданған. Атап айтқанда, Баянауыл мен Успен аудандарында екі мың гектар жер резервке қойылған. Сонымен қатар, Екібастұз қаласы мен Шарбақты ауданында ауыл шаруашылығы жобалары үшін 5,2 мың гектар жер бөлінсе, Ақсу мен Екібастұз қалаларында халық қажеттілігі мен жаңартылатын энергия көздері жобаларына 1,5 мың гектар жер қарастырылған.
Өңір басшылығы Ақсу қаласы мен Баянауыл ауданында жұмыстардың неге баяу жүріп жатқанын сұрады. Мамандардың айтуынша, бұған өткен жылы қаржының кеш бөлінуі және жобалық құжаттардың уақытында дайын болмауы себеп болған. Соған байланысты негізгі жұмыстар тек 2026 жылдың басында басталған.
Қазіргі таңда конкурстар кезең-кезеңімен өткізіліп жатыр. Жер қатынастары басқармасы мамыр-маусым айларында жоспар толық орындалатынын мәлімдеді.
Сонымен қатар, тәуекелдер Ақсу, Екібастұз қаласы мен Баянауыл аудандарында сақталып отыр. Негізгі қауіп – конкурстық рәсімдердегі бұзушылықтар салдарынан кейбір жобалардың кешігуі немесе тоқтатылуы.
Дегенмен, Павлодар, Аққулы, Тереңкөл және Железин аудандарында жайылым тапшылығы әлі де өзекті мәселе болып отыр.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, жер ресурстары шектеулі болғанымен, оны тиімді пайдалану мен дұрыс жоспарлау арқылы ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік бар. Әсіресе, жылқы шаруашылығы секілді кең жайылымды қажет ететін салаларды Баянауыл, Екібастұз, Ақтоғай және Май аудандарында дамыту тиімді екені айтылды.
– Ал Железин немесе Павлодар аудандарында, орманды және егістік алқаптары басым аумақтарда табынды жылқы шаруашылығын кең көлемде дамыту қиын. Сондықтан шаруаларға алдын ала дұрыс бағыт-бағдар беру қажет. Егер кәсіпкер жайылымдық мал шаруашылығымен айналысқысы келсе, оған кең жер қажет екенін түсіндіруіміз керек. Ал жері шектеулі аудандарда мал шаруашылығын интенсивті бағытта дамытуға басымдық беру қажет, – деді Асайын Байханов.
Жалпы алғанда, қайтарылған жерлерді толық айналымға енгізу жұмыстары 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін аяқталуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыс облыс басшылығының тұрақты бақылауында.