Павлодар облысында грант алып, жұмыс істемеген кәсіпкер 10 жыл бойы қаржыны қайтармаған
Биыл бизнес жобаларға мемлекеттік грант беру үшін өтініштерді қабылдау 1-5 маусым аралығында өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы баспасөз жиынында Павлодар облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының м.а. Сағыныш Нұркимбаев мәлім етті.
Оның айтуынша, жыл сайын жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беріледі. Грантты алып, кәсібін дамытып, келесіде кеңею үшін несие алып жатқандар да бар.
Алайда, бизнес жобаларын жүзеге асырмағандар да кездеседі. Бағдарлама басталғалы бері 578 млн теңгеге 171 грант берілген. Жобалардың 71% бойынша қаржы игерілген. 14% бойынша қаржы өз еркімен немесе күшпен қайтарылған.
– Барлығы 11 жобаның 32,5 миллион теңге қаржысы бюджетке қайтарылды. Одан бөлек, жүзеге аспаған 9 жобаның 27 миллион теңгесін қайтаруға қатысы сот шешімі шықты. Үш жобаның қаржысын қайтару бойынша жұмыс басталды, – деді Сағыныш Нұркимбаев.
Сондай-ақ бір жоба бойынша іс сотта қаралуда. Ол кәсіпкердің бизнесі жүзеге аспай қалғанына 10 жыл өткен.
– Бұл «ЭкспертЕвропаСтандарт» ЖШС. Олар «еуро ағаш» шығару цехын ашу бойынша жоба ұсынған. Грант 2013 жылы берілген, – деді Сағыныш Нұркимбаев.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, 10 жыл кәсіпкерді іздеу жұмысы жүргізілген.
Айта кетейік, биыл жергілікті бюджеттен жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар беруге 82 млн теңге бөлінген. Грант сомасы өтеусіз 5 млн теңгеге дейін. Бизнес-жобаны іске асыру мерзімі 18 айдан аспауы тиіс.
Шарт бойынша грант көлемінің кемінде 20% мөлшерінде бірлесіп қаржыландыру, жаңа жұмыс орындарын құру, жобаны іске асыру үшін инфрақұрылымның болуы және/немесе жеткілікті инфрақұрылым құру, жеке кәсіпкер ретінде тіркеу мерзімі 3 жылдан кем болмауы тиіс.
Фото: Константин Шелков