Павлодар облысында 2027 жылы үш деректер орталығы іске қосылады
Жобаның алғашқы кезеңінде жалпы қуаты 300 МВт-тан асатын нысандар салынбақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Үкіметінің мәліметінше, Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар облысындағы «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасының жүзеге асырылу барысына арналған кеңес өткізді. Жиында құрылыс жұмыстары, инвестиция тарту және қажетті инфрақұрылымды дамыту мәселелері қаралды.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің айтуынша, қуаты 68 МВт болатын алғашқы деректер орталығының құрылыс алаңында іргетас қалау, инженерлік инфрақұрылым мен әкімшілік ғимараттар салу жұмыстары басталған. Оны 2027 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Firebird AI компаниясының қуаты 164 МВт болатын екінші орталығы салынып жатыр. Қазір құрылыс алаңындағы қазаншұңқыр қазу жұмыстарының 70 пайызы аяқталған. Нысанды келесі жылдың үшінші тоқсанында іске қосу көзделген.
Ал қуаты 72 МВт болатын үшінші деректер орталығы 2027 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жобаның экономикалық әлеуетіне тоқталды. KPMG халықаралық компаниясының бағалауынша, алдағы уақытта деректер орталықтары жыл сайын 3,1 миллиард долларға дейін экспорттық кіріс әкелуі мүмкін. Ал олардың 20 жылдық қызмет ету кезеңіндегі инвестициялардың жиынтық көлемі 115 миллиард долларға бағаланып отыр.
Жобаның екінші кезеңі аясында Gaw Capital, Boosteroid және Firebird компанияларымен 480 МВт есептеу қуатын орналастыру жөнінде алдын ала келісімдер жасалған. Оны 620 МВт-қа дейін ұлғайту мүмкіндігі қарастырылуда.
Бұдан бөлек, Aleria, Energy Capital Global және China Energy компанияларымен қосымша есептеу қуаттарын орналастыру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Жоспар бойынша 2029 жылға қарай «Деректерді өңдеу орталықтары алқабының» жалпы қуаты 1 ГВт-қа жетуі тиіс.
Кеңесте нысандарды электр энергиясымен және инженерлік желілермен қамтамасыз ету мәселелері де талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстар туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов баяндады.
Жиын қорытындысында Олжас Бектенов жауапты ведомстволарға «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп, деректер орталықтарының құрылысын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.