Павлодар облысында 250 оқушы IQanat олимпиадасының II кезеңіне қатысты

Павлодар облысында 250 оқушы IQanat олимпиадасының II кезеңіне қатысты
Фото: Павлодар облысының білім беру басқармасы

Ауыл мектептерінің оқушылары білімдерін сынап, үздіктер қатарына өтуге талпынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

19–20 наурыз күндері өңірде IQanat республикалық олимпиадасының II кезеңі ұйымдастырылды. Бұл кезеңге ауыл мектептерінен іріктелген дарынды оқушылар қатысты.

– Жалпы, биыл олимпиадаға еліміз бойынша 50 мыңнан астам оқушы қатысып, оның ішінде 10 мыңнан астамы екінші кезеңге өтті. Павлодар облысынан бұл кезеңде шамамен 250 оқушы бақ сынады, – деді ұйымдастырушылар.

Облыстық білім беру басқармасында атап өткендей, II кезең қатысушылар үшін тек тестілеу ғана емес, кешенді зияткерлік сынақ болды. Оқушылар логикалық ойлау, математикалық және оқу сауаттылығы бойынша білімдерін көрсетті. Сонымен қатар, ағылшын тілінен және таңдауы бойынша бір бейіндік пәннен – математика, физика, биология, химия, Қазақстан тарихы немесе географиядан тапсырмалар орындады.

– Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан бойынша 1000 финалист анықталады. Олар финалда Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионында тегін білім алу мүмкіндігі үшін бақ сынайды. Сонымен қатар, финалистерге үш жылдық білім беру қолдауы ұсынылады. Бағдарлама аясында ҰБТ мен халықаралық емтихандарға дайындық, ағылшын тілін тереңдетіп оқыту, IT дағдыларын, soft skills және кәсіпкерлік негіздерін дамыту қарастырылған, – делінген хабарламада.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, II кезеңнің маңызды ерекшеліктерінің бірі – Peer2Peer білім беру бағдарламасының жүзеге асырылуы болды. Оның аясында жоғары сынып оқушылары мен түлектер кіші сынып оқушыларына академиялық әрі мотивациялық қолдау көрсетті. Бұл іске 1000-нан астам тьютор мен 150 куратор жұмылдырылып, 10 мыңнан астам оқушы жеті пән бойынша дайындықтан өтті. Биыл бағдарламаға география мен Қазақстан тарихы пәндері алғаш рет енгізілгені айтылды.

IQanat олимпиадасы ауыл оқушылары үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың зияткерлік әлеуетін дамытуға және бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға ықпал етіп келеді.