Павлодар облысында алдағы екі жылда интернет мәселесі толық шешіледі

Павлодар облысында  алдағы екі жылда интернет мәселесі толық шешіледі

Әлі күнге дейін екі мыңнан астам ауыл тұрғыны ешбір байланыссыз отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Өңірде 352 ауыл мен үш қала – Павлодар, Ақсу, Екібастұз бар. Оның ішінен 115 ауылда ғана талшықты оптикалық байланыс арнасы орнатылған. Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, қалған 11 ауылда ұялы байланыс мүлдем жоқ. Атап айтқанда, Екібастұз қаласының ауылдық аймағына кіретін Ақши, Қаражар, Көксиыр, Мыңтамыр ауылдары, Ақтоғай ауданының Балтасап, Қарасу, Қарабұзау ауылдары, Баянауыл ауданының Біржанкөл және Аққулы ауданының Шоқтал, Жабағылы, Қызылқақ ауылдары. 1124 ауыл тұрғыны ұялы байланыссыз отыр. 

– Байланыс операторлары бұл ауылдарда халықтың аздығына және байланыспен қамтамасыз етудің экономикалық тиімсіздігіне байланысты мобильді инфрақұрылымды дамыту жоспарына енгізуге дайын емес, – деді басқармада. 

Ал 352 ауылдың ішінен кең жолақты интернет 340 ауылда бар. Баянауыл ауданындағы 12 ауылда сымды немесе мобильді интернетке шығу мүмкіндігі әлі де жоқ. Бұл – Бүркітті, Қарашоқы, Мұрынтал, Белағаш, Біржанкөл, Қойтас, Александровка, Ақмектеп, Ақши, Шоманкөл, Майкүбе, Көкдомбақ ауылдары. Жалпы ғаламтор әлеміне 1129 адамның қолы жете алмай отыр.

– 237 ауылда жоғары жылдамдықты интернет мәселесі бар. Мәселен, бүгінгі таңда 110 ауылда тек дауыстық байланыспен хабарласуға болады, ал  3G мен 4G мобильді интернет жоқ, – деді басқармада. 

Жыл соңына дейін Tele2 мен ALTEL операторлары Железин, Ақтоғай, Ертіс, Май, Павлодар, Успен, Шарбақты аудандарындағы 13 ауылда мобильді ұялы байланыс арнасын және 4G базалық станциясын орнатады. Ал Beeline операторы Екібастұз бен Ақсу қаласының ауылдық жерлерінің, Баянауыл, Шарбақты аудандарының тоғыз ауылында интернет пен ұялы байланыс станцияларын орнатады.

Павлодар облысының цифрлық технологиялар басқармасы бейінді министрлікке «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасына енгізу үшін 202 проблемалық ауылдың тізімін   жіберді. Олар цифрлық министрлігінде қолдау тапқан. Енді оларды Экономика министрлігінде ауылдардың тірек немесе спутниктік ауылдарын санатынан қарай қарастыратын болады. Кейіннен бекіту үшін Қаржы министрлігіне жібереді. Ұлттық жобаға кіретін ауылдардың нақты саны жылдың аяғында ғана анықталады. 

– Яғни осы ауылдар жобаға  енсе, жаңадан базалық станция, талшықты оптикалық арналар және қосымша антенна мачталық құрылғылар салынуы мүмкін. Егер де мысалы 102 ауыл жобаға енсе, қалған 100 ауылда облыстық бюджеттен интернетпен және ұялы байланыспен қамтамасыз етеді. Бұл облыс әкімінің тапсырмасы болды. Екі жылдан кейін интернет мәселені толығымен шешеміз деп жоспарлаймыз. Бұл сұрақты 2025 жылға қарай жабамыз деп үміттенемін, – деді облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Елнұр Өтебаев.  

Статистикалық деректерге сүйенсек 2019 жылы 27 елді мекенде ұялы байланыс болмаған. «250+» жобасы аясында 2020 жылы желтоқсанда ұялы байланыс болмаған бес ауылда станция орнатылды.  2021 жылы  Beeline операторы тоғыз ауылды ұялы байланыс және жоғары жылдамдықты 3G мен 4G мобильді интернетпен, ал 2022 жылы екі ауылды қамтамасыз етті. Бүгінде жұмыстар жалғасуда.