Екібастұзда үш көпқабатты үйдің құрылысы аяқталды

Екі жүзге жуық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсарта алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала әкімі Аян Бейсекин өзінің Instagram парақшасында мәлімдегендей, жоба өткен жылдың тамыз айында басталған болатын. Құрылыс жұмыстары жоспарға сай биылғы мамырда аяқталып, мердігер ұйым аумақты абаттандыру жұмыстарына кірісті.
– Аймақ басшысы Асайын Байхановтың қолдауының арқасында соңғы жылдары Павлодар облысында бюджет және жекеменшік инвестициялар есебінен 250 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа үйлер сапалы салынып, маусым айында абаттандыру жұмыстары толық аяқталады деп жоспарлануда. Бұл баспаналар жеңілдетілген несие бағдарламалары аясында кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Нәтижесінде 180 отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік алады, – деп жазды қала әкімі әлеуметтік желіде.
Тұрғын үй құрылысы мәселесі облыс әкімі Асайын Байханов пен қала әкімі Аян Бейсекиннің тұрақты бақылауында.
Посмотреть эту публикацию в Instagram