Павлодар облысында апта ортасында жаңбыр мен найзағай күтіледі
Өңірде 20-24 сәуір аралығында ауа райы құбылмалы болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аптаның басында күн жылы әрі жауын-шашынсыз өтсе, кейінгі күндері жаңбыр мен найзағай күтіледі.
Синоптиктердің мәліметінше, 20-21 сәуір күндері өңірде жауын-шашын болмайды. Облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі мүмкін. Түнгі ауа температурасы 0-ден -5 градусқа дейін төмендесе, күндіз +17…+22 градусқа дейін жылынады. 21 сәуірде түнде 0…+5 градус, ал күндіз +20…+25 градус жылы болады. Жел оңтүстік-батыстан секундына 9-14 метр жылдамдықпен соғады.
22 сәуірден бастап ауа райы өзгереді. Күндіз облыстың батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде тұман сақталады. Түнде ауа температурасы +3…+8 градус, күндіз +20…+25 градус шамасында болады. Желдің жылдамдығы кей өңірлерде секундына 15-20 метрге дейін күшеюі мүмкін.
Бейсенбі күні жауын-шашын күтіледі. Түнде облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында жаңбыр жауады. Күндіз жаңбыр мен найзағай болып, солтүстік пен шығыс бөліктерінде нөсер жаңбыр жаууы ықтимал. Ауа температурасы түнде +5…+10 градус, күндіз +15…+20 градусқа дейін көтеріледі. Жел екпіні кей жерлерде 15–20 м/с-қа дейін жетеді.
24 сәуірде де жаңбырлы ауа райы сақталады: түнде облыс аумағында, ал күндіз негізінен шығыс бөлігінде жаңбыр жауады. Сынап бағанасы түнде +3…+8 градус, күндіз +15…+20 градусқа дейін көтеріледі. Жел оңтүстік-батыстан соғып, кей жерлерде күшейеді.