Қызылтаң ауылының тұрғындары бассейн салу туралы өтініш білдірді

Қызылтаң ауылының тұрғындары бассейн салу туралы өтініш білдірді
Фото: pexels.com / Juan Salamanca

Олар бұл мәселемен өңір басшысы Асайын Байхановқа жүгінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Тереңкөл ауданына жұмыс сапары барысында әлеуметтік инфрақұрылым мәселелеріне ерекше назар аударды. Қызылтаң ауылында ол 2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған мәдени-демалыс орталығының жұмысымен танысып, тұрғындармен кездесті. Кездесу кезінде ауыл тұрғындары бассейн қажеттігін айтып, өтініштерін жеткізді.

Өңір басшысы мұндай нысандардың қазірдің өзінде үш ауданда салынып жатқанын атап өтіп, Тереңкөлдегі бассейн құрылысы жобалық құжаттаманың дайындалуына және қаржыландырудың бөлінуіне қарай жүзеге асатынын айтты.

Сапар барысында Асайын Байханов егін орағының барысымен де танысып, оның қарқынын бақылауда ұстауды, өнімді қайта өңдеуді дамытуды және тұрғындарға қажетті жаңа инфрақұрылым жобаларын уақтылы жоспарлауды тапсырды.

– Біздің басты ресурсымыз – адамдар. Біздің атқарып жатқан ісіміз ауыл тұрғындарының өміріне оң әсер етуі керек. Ауылда жұмыс, инфрақұрылым және болашаққа деген сенім болса, бұл біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды білдіреді, – деді өңір басшысы.

Еске сала кетейік, 29 қыркүйекте Асайын Байханов Тереңкөл және Железин аудандарында болып, жергілікті шаруашылықтар мен кәсіпорындарды аралап, ауыл тұрғындарымен кездескен еді.