Павлодар ауданында әйел жедел жәрдемнің көмегімен үйде босанды

Диспетчер қоңырау арқылы нұсқаулар беріп отырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Шақат ауылында жедел жәрдем қызметкерлері шұғыл шақыртуға жауап беріп, үй жағдайында босандыруға мәжбүр болды.
Облыстық «103» станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенконың айтуынша, 24 жастағы жүкті әйелдің толғағы жиілеп, суы кеткен кезде туыстары жедел жәрдемге қоңырау шалған. Диспетчер қоңырауды ұстап тұрып, жанындағыларға алғашқы нұсқаулар беріп отырған.
– Бригада шақыртуға тоғыз минутта жетті. Осы уақыт ішінде диспетчер босанған әйелдің қасындағыларға кеңес беріп отырды, – деді ол.
Медициналық көмек дер кезінде көрсетіліп, жедел жәрдем фельдшері бойы 53 сантиметр, салмағы 3 келі қыз баланы аман-есен дүниеге әкелді. Кіндік бауы кесіліп, нәресте анасының құшағына жатқызылды. «Жылу тізбегі» әдісі толық сақталған.
– Босандыру да, өзге шұғыл көмек те — біздің мамандардың кәсіби біліктілігінің нәтижесі. Станция базасында халықаралық стандарттарға сай тұрақты курстар өткізіледі. Оған Ұлттық шұғыл медициналық жәрдем үйлестіру орталығының мамандары да қатысады, – дейді Ирина Мищенко.
Бала мен анасы тұрақты жағдайда облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілді. Қабылдау бөлімі алдын ала хабардар етілген.