Павлодар облысында ауылдарда білікті мамандар жетіспейді
Алдағы уақытта ауылдың игілігі үшін жұмыс істеуге ниетті мамандарға барлық жағдай жасау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Агроөнеркәсіптік кешеннің барлық қатысушыларын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау» атты облыстық кеңесте ауыл шаруашылығында аграрлық ғылымды дамыту және кадрларды даярлау мәселелері бойынша ауылдық аймақтарда мамандардың тапшылығына байланысты мәселе талқыланды. Жиында білікті мамандар даярлау мәселесіне байланысты бірқатар сұрақтар көтерілді. Іс-шара ұйымдастырушылары мен қатысушылары ой-пікірлерін ортаға салды.
– Жас маман ауылға бару үшін оған жағдай жасау керек. Бүгінде өңіріміздің университеттерімен уағдаластыққа қол жеткіздік. Ауылдың игілігі үшін жұмыс істеуге ниетті мамандарға барлық жағдайларды жасау жоспарланып отыр, – дейді Қазақстан фермерлері қауымдастығының төрағасы Ерлан Тоқтышақов.
Оның айтуынша, аталмыш мәселе маңызды сипатқа ие. Қарапайым жағдайлардың болмауы ауыл тұрғындарын кетуге мәжбүр етеді.
– Ауыл шаруашылығында кәсіби мамандар даярлау – бүгінгі күннің басты талабы. Мемлекет мамандарды ынталандыру үшін ауылдарда тұрғын үй құрылысын қолдау бағдарламасын әзірледі. Жастардың ауылдарда өмір сүру стандарттарына сай қадамдарды анықтадық, – деп мәлімдеді Ерлан Тоқтышақов.
Сонымен қатар, жиын барысында кадрлар дайындау барысында оқу мен тәжірибенің қатар жүруі үлкен нәтиже беретіні, жастарды ауылға тарту үшін ынталандыру шаралары қолға алыну қажеттілігіне назар аударылды.
Еске сала кетейік, жиынды «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» мен «Ауыл» партиясы ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты – өңірдергі фермерлердің, ауыл шаруашылық тауарөндірушілердің негізгі мәселелерін диалогты форматта талқылау, ауқымды мәселелерді көтеру.