«Ауыл аманаты»: Павлодар облысының ауылдарын түлететін бағдарлама қалай жұмыс істейді?

Несие арқасында ауылдық жерлерде бизнес бастау процесі жеңілдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2023 жылдан бастап өңірде «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы енді. Бағдарлама ауылдық округтерді кешенді дамытуға, ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуын және табысын арттыруға бағытталған. Оның аясында азаматтар жылдық 2,5% жеңілдікпен шағын несие ала алады.
– Несиені алудың екі жолы қарастырылған. Біріншісі – бес жылға дейін, ол ауыл шаруашылығына қатысы жоқ бизнес түрлері үшін. Екінші түрі – жеті жылға дейін, бұл ауыл шаруашылығы және өнімді қайта өңдеу саласындағы жобаларға арналған, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Қаленов.
Шағын несиелерді ҚР азаматтары, жұмыссыз тұлғалар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жеке кәсіпкерлер, кооперативтер және кооператив мүшелері ала алады.
– Несиені алу үшін азаматтар міндетті түрде соңғы 12 ай бойы ауылдық жерде тұруы қажет, – деді ол.
Несие алу тәртібі бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен ауыл тұрғындары жергілікті әкімдікке жүгінеді. Әкімдік арнайы тексеру жұмыстарын жүргізіп, ауылдың дамуына қажетті негізгі бағыттарды анықтайды. Сол бағыттарға сай келетін жобалар бойынша құжаттар amanatnesie.kz ақпараттық жүйесіне енгізіледі.
Құжаттарды Павлодар ауылшаруашылық өндірістік кооперативі (АӨК) қабылдап, тексеріс жүргізеді. Несие берілгеннен кейін де ұйым тарапынан ережелердің сақталуы мен қаражаттың мақсатты пайдаланылуы тексеріледі.
– Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша жобаларға 8000 АЕК-ке дейін (31,5 миллион теңге), ал басқа бағыттар үшін 2500 АЕК-ке дейін (9,8 миллион теңге) несие қарастырылған. Оның аясында кәсіпкер міндетті түрде жаңа жабдықтар сатып алуы қажет. Бұл – негізгі талаптардың бірі, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Несие алу кезінде кепіл мүлкі ұсынылуы міндетті. Егер азаматтар несие төлемін орындай алмаса, үкімет заң шеңберінде кепілді мүлікті тәркілей алады.
– Мұндай жағдайлар орын алды. Ондай кезде азаматтар сотқа жүгіне алады. Алайда бастапқыда төлей алмай, кейіннен толық төлеп шыққан жағдайлар да бар, – деді Әлібек Қаленов.
Айта кетейік, бағдарлама ауылдың тұрақты дамуына ықпал етіп, көптеген жобаларды, кәсіпкерлерді және кооперативтерді қамту арқылы аймақ экономикасын жандандыруға бағытталған.