Павлодар облысында балалар бір уақытта асық ойнайды
Республикалық челлендж 17 қарашада басталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл күні еліміздегі барлық мектептерде, мектептен тыс ұйымдар мен колледждерде Астана уақытымен сағат 12.00-де бір мезгілде бес табан, бес асық ойындары ойналады. Ойын шамамен 15 минутқа созылады. Балаларға ата-аналар мен тәрбиешілер де қосылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай челлендж республикада алғаш рет өткізіліп отыр және еліміздің мәдени өміріндегі бірегей оқиға болып табылады. Оның мақсаты-білім алушылардың рухани-адамгершілік мәдениетін, эстетикалық, патриоттық сезімдерін тәрбиелеу, елдің мәдени мұрасын сақтау, ұлттық ойындарды насихаттау.
Акция ұлттық ойындардың жандануына, оқушыларды асық ойынына тартуға ықпал етеді. Бес табан дәлдікті, бес асық – ептілік пен шеберлікті дамытатыны белгілі.