Павлодарлық камералық хор жаңа бағдарлама ұсынады
Іс-шара қарашаның жетісі өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қаланың мәдени брендіне айналған хор ұжымы жаңа концерттік маусымын «Жүрек әуенін тыңда» атты ерекше бағдарламамен бастамақ. Бағдарламаға бірнеше буынның жүрегіне жол тапқан, әр үйде, әр мерекеде орындалған әндер енген. Концерт классика мен лириканы, сағыныш пен нәзік сезімді тоғыстырып, тұтас музыкалық көрініс ұсынады.
Филармония өкілдерінің айтуынша, концертке ерлер квинтеті «SAMIYAN» мен әйелдер ансамблі «TABRIZ» қатысып, кешке ерекше сән береді.
Бағдарламада Абайдың «Қараңғы түнде», Миляевтың «Весеннее танго», Шәмші Қалдаяқовтың «Бәрінен де сен сұлу», Қазбек Спановтың «Я люблю тебя», Юрий Акуловтың «Там, где клен шумит» және басқа да танымал туындылар орындалады.
Ұжымның көркемдік жетекшісі Мадина Нұрғожинова барлық шығармаларды хор мен акапеллаға лайықтап өңдеген. Бұл – көп жылғы еңбектің нәтижесі әрі шығармашылық есеп іспетті. Сондай-ақ, Мадина Қанатқызы өз авторлық өңдеулерінен құралған ноталық жинақ дайындаған, ол нағыз хор музыкасын сүйетіндер үшін үлкен сый болмақ.
Концерт 7 қарашада сағат 19:00-де басталады. Билеттер филармония кассасында және Ticketon.kz сайтында сатылады.