Павлодар облысында бақташы әйел 50 жылдай мал бағып келеді
Ақтоғай ауданындағы Қайран ауылының тұрғыны Гүлнәр Қайырбаева қиын кәсіптің қызықты сәттерін қуанышпен еске алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Жасы 63-ке келген ақ жаулықты ана мал бағумен айналысып жүргеніне биыл 48 жыл болған.
– 1975 жылдан бастап мал бағуды бастадым. Ол кезде жасым небәрі 17-18-де еді. Ол кездері мал бағудан басқа айналысатын кәсіп болмады, анама көмектесетінмін. Кейін тұрмыс құрып, балалар дүниеге келгеннен кейін біраз үйде бала күтімімен үйде отырдым. 1998 жылдан бастап жолдасым қайтқаннан кейін балама көмектесуге тура келді. Бала кезден бастап мал бағуға жақын болғаннан кейін бақташылықты қиын жұмыс деп айта аламаймын. Таңертеңнен кешке дейін жүретін кездер болады. Ат үстінде отырып, жаяу да бағамын. Көбінесе жаяу жүріп бағамын, – деді Гүлнар Қайырбаева.
Зейнеткер көрші ауылдан бөлек, аудан тұрғындары да малдарын әкеп қосатынын айтады. Бір сәтте барлығы 100-ден аса қара мал, 200-300 бас қой және 30 шақты жылқы баққан кездер болған.
– Аттан құлаған сәттер, тіпті, малды жоғалтқан сәттерім де болды. Бірде бір қой жоғалып кетіп, оны түгендеген кезде бірақ байқадым. Оны кейін атпен шауып, тауып әкелдім. Мал баққаннан кейін түрлі жағдай болады. Ең қиыны – жаңбыр жауған кездер. Себебі малды қайтаруға және бағуға қиын болады, – дейді ол.
Ауыл тұрғыны сауатын жылқыларына «Маша», «Жорка», «Красавчик» және «Құлсары» сияқты атаулар берген.
– Қазір де арасында мал бағып, балама көмектесемін. Алдағы уақытта жайлауға шығуды жоспарлап отырмыз. Қазір жасым 63-те. 6 баладан 3 немере және, 17 жиенім бар. Қыздарыма үнемі өз білгенімді үйретіп жүремін, – дейді ол.
Қазіргі таңда көпбалалы ана баласына әлі де қолғабыс етіп төрт түлік бағады. Қолы босаған сәтте тігін тігіп, сүт салып, ағайын-туысқа арнап құрт, май, қаймақ жасайды. Сонымен қатар, жазғы уақытта жылқы сауып, қымыз дайындайды.