Павлодарда Абай, Алматы, ШҚО сарбаздары ант қабылдады

Павлодарда Абай, Алматы, ШҚО  сарбаздары ант қабылдады
Фото: «Шығыс» өңірлік көшбасшылығы баспасөз қызметі

Жас сарбаздар енді бір жыл көлемінде  Павлодар қаласындағы  түзеу мекемелерін күзететін жауынгерлік қызметті атқаратын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Шығыс»  өңірлік көшбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, 6679  әскери бөліміне әскери борышын өтеуге келген жүзден астам жас  сарбаз  Отан  қорғауға салтанатты түрде ант берді.  Әскери бөлімге   алыс-жақыннан аптығып жеткен ата-аналар қауымы салтанатты шараға бір күн ерте барған. Өйткені, олар үшін   «Әскер – ата-ана көзімен»  атты  ашық есік күні ұйымдастырылды. 

Аталған танымдық кеште  Абай, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарынан шақыртылған  сарбаздардың  ет-жақындары балаларының  әскердегі өмірімен жақынырақ танысты. Мерзімді әскери қызметшілердің ауқаттану және жатын орындары жайында кеңінен мағлұмат алған оларға әскери бөлім аумағында арнайы  экскурсия жүргізілді. Сонымен қатар арнайы қонақтар  сарбаздарды әскерге тез бейімдеуге ықпал ететін психологтармен пікір алмасып, сырқаттанған жағдайда жанынан табылатын  медицина қызметкерлерінің  жұмысын  бақылады.     

Жалпы, біз мұндай  шараларды жиі өткізуге тырысамыз. Себебі, өмір бойы қасында бағып өсірген баласының ендігі  бір жыл бойы жағдайы қандай болады? Қаншалықты әскерде жағдай жасалған деген көкейдегі сауалдарына әскери ант қабылдау алдында жауап беруге тырысамыз. Яғни, бұл тек сөзбен емес, ата-аналары өздері келіп, барлық жағдайды өз көздерімен көрулеріне барынша  жағдай жасаймыз, – дейді  6679  әскери бөлім командирі подполковник Аманжол Айтенов.  

Әскери бөлім әл-ауқатынан  хабардар ата-аналар  келесі күні  ант қабылдау рәсіміне қатысты. Мерейлі шарада әскери  бөлім басшылығы мен ардагерлері, құқық  қорғау  органдарының өкілдері  және «Сарбаздар аналары» комитетінің өкілдері де төбе танытты. Отан алдындағы адал қызмет етеміз деп ант қабылдаған  сарбаздар өз кезегінде  «Отан қорғаушы» деген қастерлі ұғымға берік болып, өздеріне сеніп тапсырылған жауынгерлік міндеттерін абыроймен атқаруға сенімді екендерін жеткізді.  

Еске сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айынан бастап Отан қорғаушылар жауынгерлік қызметтің қыр-сырын  үйреніп, әскери жарғыларды жата-жастанып жаттаған болатын.