Павлодар облысында буллингтің алдын алу бойынша жол картасы әзірленді

Павлодар облысында буллингтің алдын алу бойынша жол картасы әзірленді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кешенді жоспар 1 қыркүйектен бастап барлық білім беру ошақтарына жеткізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина мәлім етті. 

– Бүгінгі таңда ата-аналар мен педагогтарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – буллинг фактісі бойынша орын алып отырған жағдайлар. Павлодар қаласында жасөспірімді ұрып-соғу фактісі жұртшылықты, педагогикалық ұжым мен ата-аналарды қатты толғандырды. Бұл факті бойынша кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық және облыстық комиссиялардың отырыстары өткізіліп, шешімдер қабылданды, – деді Самал Айтқазина. 

Сонымен қатар басқарма басшысы бүгінде балаларға қатысты қатыгездікті болдырмау бойынша жедел желі ұйымдастырылғанын еске салды. Жасөспірімдер арасында буллингтің алдын алу бойынша жол картасы әзірленген. 

– 1 қыркүйектен бастап барлық білім беру ошақтарына жеткізіледі. Ата-аналарды эмоционалды сауаттылық дағдыларына оқыту, баларымен қарым-қатынаста жанжалсыз орта құру әдістерін игеру, ата-аналарды жаппай құқықтық оқыту ұйымдастырылады. Мұның барлығы кешенді жоспарда көрсетілген, – деді Самал Айтқазина. 

Облыстық полиция департаментінің басшысы Василий Скляр кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша учаскелік инспекторлардың штаты толық  – 72 бірлік екенін атап өтті. Оның ішінде 44-і қалалар бойынша бөлінген. Олар педагогтармен бірге сауалнама, әңгіме жүргізу арқылы жұмыс істейді. 

– Алдын алу шаралары апта сайын жүргізіледі.  Жыл басынан бері мұндай 500-ден астам шара өткізілді. 63 адам алдын алу есебінде тұр, төртеуі арнайы мектепке жіберілген.  Жағдай бақылауда, – деді Василий Скляр.

Облыс әкімі Асайын Байханов бұл бағытта ақпараттық жұмысты күшейтуді тапсырды. 

– Бірнеше апта бұрын бала құқықтарын қорғау ішіндегі уәкілдің сенім телефоны іске қосылды.  Бұл желінің қызметін балалар мен ата-аналар асындағы вацап чаттар, жалпы әлеуметтік желідегі аккаунттар арқылы таратуды күшейту керек. Ең бастысы, ақпараттық жұмысты күшейту қажет, – деді аймақ басшысы. 

Еске сала кетейік, Оқушылар сарайында кез келген адам жүгіне алатын «Сенім Room» тегін анонимді кабинеті жұмыс істейді.