Павлодар облысында эхинококкоз тіркелді

Павлодар облысында эхинококкоз тіркелді

Эхинококкоз – паразиттік ауру, оны таспа құрттары қоздырады, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, ауру қоздырғышы негізінен ит, қасқыр, шиебөрі мен түлкіден тарайды. Итке ауырып өлген мал өлексесін не ішек-қарын қалдықтарын жегенде жұғады. Адамға иттен жұғады. Адам ішегіне түскен эхинококк жұмыртқасы қан тамырына өтіп, одан қан арқылы бауырды, өкпені және басқа да ішкі органдарды зақымдайды. Адам эхинококкозбен ауырғанда әртүрлі белгілер байқалады. Мысалы, бауырды зақымдаса, адамның оң жақ бүйірі ауырып, әлсіздік болады, ал эхинококк өкпеге түссе, адам ентігіп, жөтеледі, түкірігінде қан пайда болады. Ауруды ауруханада емдейді. 

Статистикалық деректерге сүйенсек, облыста ағымдағы жылдың сегіз айында эхинококкоздың төрт жағдайы тіркелген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – бір жағдай, Екібастұз қаласында – екі жағдай, Павлодар қаласында – бір жағдай және Тереңкөл ауданында – бір жағдай. 2022 жылдың сегіз айында эхинококкоздың төрт жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – екі жағдай. Екі жағдай – Павлодар қаласында, біреуі – Екібастұз қаласында және бір жағдай Ақсу қаласында тіркелді.

– Инфекция бауырда, өкпеде немесе сүйектерде, бүйректе, көкбауырда, бұлшықеттерде және орталық жүйке жүйесінде бір немесе бірнеше кисталардың дамуына әкеледі. Аурудың симптомсыз инкубациялық кезеңі  гидатидті кисталар клиникалық белгілер пайда болатын мөлшерде дамығанға дейін көптеген жылдарға созылуы мүмкін. Егер бауырда ісік болса, адамның жиі іш аймағы ауырып, жүрегі айнуы және құсуы мүмкін. Өкпе зақымданған кезде клиникалық белгілерге созылмалы жөтел, кеудедегі ауырсыну және ентігу жатады. Спецификалық емес белгілер – анорексия, салмақ жоғалту және әлсіздік, – деді департаментте. 

Эпидемиологтар аурудың алдын алу үшін көкөністер мен шөптерді, жидектерді мұқият жууға, тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішуге, иттер мен мысықтарды үнемі дегельминтизациялауға, жабайы және қаңғыбас жануарлармен байланыста болмауға, жеке гигиенаны сақтауға кеңес береді. Сондай-ақ балаларға жеке гигиена ережелерін үйреткен дұрыс. 

Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреттері