Электр өше береді: Павлодар ауданы тұрғындары желілерді жаңғыртуды сұрайды
Ауданның электр желілерінің әбден тозығы жеткен және күрделі жаңғыртуды талап етеді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Кемеңгер ауылының тұрғыны Светлана Канафина асфальт төселіп, су тартылғанымен, көшені жарықтандыру «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына кірмей қалғанына қапалы.
– Жаңбыр мен қар жауып, ауа райы бұзылған кезде үнемі электр қуаты өшеді. Тіпті, ауа райы ашық болса да, апаттық үзіліс болады. Осыған байланысты көптеген ауыл тұрғындарының электр аспаптары, ас үй техникасы жанып кетеді. Сондай-ақ, көбінде ұзақ жанатын қазандықтар орнатылған. Жазғы кезеңде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 2-3 күнге өшіріп тастаса да, нәтиже жоқ. Электр желілері өте тозған және күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан алдағы жылдары Павлодар ауданы бойынша электр желілерін жаңғыртуды сұраймыз, – деді Светлана Канафина.
Облыс әкімі Асайын Байханов өзінің бірінші орынбасары мен «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ басшысына бұл мәселеге қатысты кеңес өткізуді тапсыды.
– Тозығы жеткен инженерлік коммуникацияларды жаңғырту бойынша бағдарлама әзірлеу керек. Тұрғындарда алдағы үш жылда жаңғырту жүргізілетіні жайлы түсінік болу керек. Сондықтан бұл жұмыспен қазірден бастап айналысу қажет. Мұндай мәселе Павлодарское ауылы мен Жетекші кентінде де бар.
Естеріңізге сала кетейік, Павлодар ауданында шыбын-шіркеймен күреске бөлінген қаржы екі есеге артты.