Тереңкөл ауданының тұрғыны 30 миллион теңгеге алаяқтардың арбауына түсіп қала жаздады

Тереңкөл ауданының тұрғыны 30 миллион теңгеге алаяқтардың арбауына түсіп қала жаздады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол хабарласқан арбаушыға келіп түскен SMS-кодты айтып қойған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тереңкөл ауданы, Алтай ауылының тұрғыны Наталья Двинянинаның телефонына 1414 орталығынан SMS келіп түскен. Хабарламада қазпоштаға хат келді, оны алу үшін SMS-кодты жіберу керек деген ақпарат жазылған.  

– Алаяқтар өздерін пошта қызметкерлері деп таныстырды, менің барлық деректерімді, тұрғылықты мекен-жайымды атады және курьермен хат жіберетіндерін айтты. Сондықтан мен оларға сеніп қалып, кодты айттым. Кейін күдіктеніп пошташыға қоңырау шалдым, олар маған поштада курьерлік жеткізілім жоқ екенін айтты. Шошып кетіп бірден біздің учаскелік полиция қызметкеріне қоңырау шалдым, – дейді Наталья Двинянина. 

Тереңкөл ауданы полициясының қызметкері Рустам Иманбаев  ауыл тұрғынына ресімделген жалпы сомасы 30 миллион теңгенің кредиттерін жоюға көмектескен. Тәртіп сақшысының істің ізін суытпай тез әрекеті пен кәсіпқойлығының арқасында тұрғын зардап шекпей, үлкен сомадағы қарыздан аман қалды.