Павлодар облысында электр желілері жаңғыртылады
Өңір 2027 жылы энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту жоспарланған жеті облыстың қатарына енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының Жобалық кеңсесінің отырысы өтті. Жиында келесі жылға арналған жұмыстарды дайындау, қаржыландыру және отандық өндірушілерді тарту мәселелері қаралды.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2027 жылы жылу, электр және су құбыры желілерін жаңғырту жалғасады. Жаңа және өтпелі жобалардың жалпы құны 822,6 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі уақытта 366 жоба жүзеге асыруға дайын.
Электр желілерін реконструкциялау Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Түркістан, Маңғыстау және Атырау облыстарында жоспарланған.
Жұмыстарды жүргізу үшін кабель өнімдері, электр тарату желілерінің бағаналары және басқа да жабдықтар қажет болады. Осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне өңірлердің материалдарға деген қажеттілігін 1 қаңтарға дейін жариялау тапсырылды.
Жиында Қанат Бозымбаевтың тапсырмасымен тоғыз өңірдегі 135 жобаға жүргізілген мониторинг нәтижелері де қаралды. Оның қорытындысы бойынша сатып алу рәсімдерін жеңілдету, тозу деңгейі жоғары коммуналдық кәсіпорындардың қатысуын кеңейту және негізделген жағдайда жобалардың құнын қайта қарау ұсынылды.
Қазіргі уақытта 106 жоба бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Сонымен қатар коммуналдық кәсіпорындардың қаржыландыруға қолжетімділігін жеңілдету үшін субсидиялау және банктік реттеу қағидаларына өзгерістер әзірленген.
Ұлттық жобаға отандық өндірушілерді тартуға да назар аударылды. Электрондық платформада материалдар мен жабдықтарға үш мыңнан астам тапсырыс қалыптастырылып, қазақстандық кәсіпорындармен 120 шарт жасалған.
Алайда 18 өңірдегі 75 жобаны тексеру барысында 14 нысанда отандық өнімді пайдалану талаптарының бұзылғаны анықталды.
– Алдағы кезеңдерге арналған міндеттерді орындауға әлде де болса уақыт бар, ойын ережелерін нақты айқындап, қолда бар барлық цифрлық құралдарды қолданып, қателіктерге жол бермеуіміз керек, – деді Қанат Бозымбаев.
Вице-премьер жауапты мемлекеттік органдарға 15 желтоқсанға дейін қажетті түзетулерді дайындап, жыл соңына дейін тиісті Үкімет қаулысын қабылдауды тапсырды.
Ұлттық жобаның орындалу барысы мен берілген тапсырмалардың нәтижелері желтоқсан айында өтетін Жобалық кеңсенің қорытынды отырысында қаралады.
