Екібастұз энергетикасы жаңғырады

Екібастұз энергетикасы жаңғырады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қалада жаңа 3-МАЭС станциясы салынып, 2-МАЭС-те үшінші энергоблоктың құрылысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Үкіметінің ресми Telegram-каналының мәліметінше, Қазақстанда 2035 жылға дейін энергия тапшылығын өтеу және қуат көздерін жаңарту мақсатында генерацияны дамытудың кешенді бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Әккенженов хабарлады. Жалпы 26 ГВт-тан астам жаңа қуат енгізілуі жоспарланса, оның 10 ГВт-ы бойынша жобалар әртүрлі дайындық кезеңінде. Тағы 5 ГВт қуат қолданыстағы станцияларды жаңғырту есебінен қамтамасыз етіледі. 2025 жылы 621,5 МВт, оның ішінде 455,5 МВт жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) іске қосылады.

Министр Екібастұз қаласында қуаты шамамен 2,6 ГВт болатын 3-МАЭС құрылысы қолға алынғанын атап өтті. Бұл жоба таза көмір технологиясы негізінде жүзеге асады және қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды барынша азайтуды көздейді. Сонымен қатар, Екібастұз 2-МАЭС станциясында үшінші энергоблоктың құрылысы жүріп жатыр. Оның қуаты – 540 МВт, нысан 2028 жылы пайдалануға беріледі.

«Самұрық-Энерго» компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовтың айтуынша, бұл жобалар ескі көмір станцияларын кезең-кезеңімен алмастыруға бағытталған және Мемлекет басшысы жариялаған 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына жету стратегиясына сай келеді.

Сондай-ақ, KEGOC компаниясы еліміздің Батыс және Оңтүстік аймақтарындағы электр желілерін күшейту бойынша ірі жобаларды іске асыруда. Жалпы алғанда, ұлттық электр жүйесінің сенімді жұмысын қамтамасыз ету үшін 2,3 триллион теңгеге 8 ірі инвестициялық жоба жоспарланған.