Павлодар облысында электр желілеріндегі зақымдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде
Өңірде қатты боран мен екпінді желдің салдарынан 111 электр желісі үзілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ПавлодарЭнерго» баспасөз орталығының мәліметінше, энергетиктер жарықты мүмкіндігінше тез қайтару үшін тәулік бойы апатты-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазірге дейін 74 зақымдалған учаске қалпына келтірілді.
– Жүргізілген жұмыстарға қарамастан, таңертең облыс бойынша шамамен 2600 тұрғын әлі де электр қуатынан ажыратылған. Мамандар желілерді қалпына келтіруді және тұтынушыларды резервтік қуат көздеріне қосу жұмыстарын жалғастыруда, – деп атап өтті ведомстводан.
Айта кетелік, авариялық-қалпына келтіру жұмыстарына 43 энергетикалық бригада, 102 маман және 43 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.