«Ertis promenade» маусымының ашылуында Еркеш Хасен, Ерке Есмахан мен Raim өнер көрсетеді
Жазғы маусымның мерекелік ашылуы 20 мамырда өтеді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәліметінше, оған Павлодар облысы мен қаланың шығармашылық ұжымдары қатысады, сондай-ақ қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.
И. Байзақов атындағы филармонияның симфониялық оркестрі мен астаналық «BN Team Orchestra» BN командасының қойылымдары, «Ratovich» ретро концерті ұсынылады. Виктор Цойды еске алуға арналған «Кино» тобының рок фестивалі, Жастар күнін мерекелеу аясында «Forever young» музыкалық фестивалі өтеді.
– Бұл жолы да тұрғындар Мирас Жүгінісов, Райм, Ерке Есмахан, Луина, Қайрат Нұртас сияқты қазақстандық эстрада жұлдыздарының өнерін тамашалайды. Әр жексенбі сайын қазақстандық кинофильмдерінің көрсетілімі ұйымдастырылады. «Қазақфильм» киностудиясы 500 туынды ұсынған. Қазір соларға іріктеу жасалуда. Маусым бойы көрермендерге облысымыздың барлық аудандарының шығармашылық ұжымдарының концерттері, кәсіби мерекелерге арналған мерекелік іс-шаралар ұсынылады, – дейді бөлімде.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр жазғы кезеңде «Ertis promenade» сахнасында 57 іс-шара, 10 би кеші өткізілді, 13 фильм көрсетілді. Бұл –100 сағаттан астам концерттік бағдарлама, оған өңірдің 1700 әртісі қатысты. Концерттік бағдарламаларда 35 қазақстандық эстрада жұлдызы өнер көрсетті. Іс-шаралар барысында отбасын құруға жеті ұсыныс жасалды.