Павлодар облысында Ертіс өзеніне жіберілетін судың көлемін азайтады
Семейдің көпір құрылысы ауданында судың тұрып қалуына байланысты су деңгейі шамадан жоғары көтерілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аталмыш мәселеге байланысты Ертіс бассейндік инспекциясымен Шүлбі су қоймасынан жіберілетін судың көлемін азайту туралы шешім қабылданды.
– 2024 жылғы сәуірдің 16-нан 24-не дейінгі аралықта Ертіс өзеніне жіберілетін судың көлемі секундына 3200 текше метрді құрайды. Сонымен қатар, өткен жылы жіберілген судың нақты максималды көлемі үш тәулік ішінде секундына 2600-2800 текше метр болғанын айту қажет. Биылғы жылы судың максималды жіберілуі үш күн бойы секундына 3500 текше метр деңгейінде болды және келесі 10 күн бойы суды секундына 3200 текше метр деңгейінде жіберу жоспарланған, – делінген хабарламада.
Осылайша, Павлодар облысының аумағына табиғатты қорғау мақсатында жіберілетін судың болжамды көлемі шамамен 6 текше шақырымды құрайды, жайылма алқабының кемінде 70-75% су басады, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі еседен астам.