Павлодар облысында интернет-алаяқтарға алданып қалған әйелге ақшасы қайтарылды

Павлодар облысында интернет-алаяқтарға алданып қалған әйелге ақшасы қайтарылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шарбақты ауданының тұрғыны қаражатын қайтаруға көмектескен тергеушіге алғыс айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, әйелге өзін банк қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамдар хабарласып, оның атына несие рәсімделіп жатқанын айтқан. Олар несиені «болдырмау» үшін әйелді өзі несие рәсімдеп, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген.

Алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген тұрғын бірден Шарбақты аудандық полиция бөліміне жүгінген.

Тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер қылмыстың мән-жайын анықтап, жәбірленушінің ұрланған 700 мың теңгесін толық көлемде қайтарды.

Осыған байланысты әйел аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Дархан Қизатовтың атына Алғыс хат жолдап, оның кәсібилігі мен жанашырлығын атап өтті.

– Көрсеткен көмегі үшін тергеуші Дархан Қизатовқа шын жүректен алғысымды білдіремін. Оның сауатты әрі дер кезінде атқарған жұмысының арқасында ақшам қайтарылды. Кәсібилігі, жанашырлығы және қиын жағдайда көрсеткен қолдауы үшін үлкен рақмет, – деп жазды аудан тұрғыны.

Полиция азаматтарға банк, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың қызметкерлері ешқашан телефон арқылы несие рәсімдеуді, SMS-кодтарды айтуды немесе ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аударуды талап етпейтінін еске салды.