Павлодар облысында инвестициялық серпін жаңа даму көкжиегін ашуда

Павлодар облысында инвестициялық серпін жаңа даму көкжиегін ашуда
Константин Шелковтың фотосы

Облыстың экономикасына екі триллион теңгеден астам қаржы құйылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Жолдауын іске асыру мақсатында Павлодар облысында ауқымды жұмыстар қолға алынып отыр. Инвестиция тарту, өнеркәсіпті жаңғырту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, су және орман ресурстарын тиімді пайдалану өңірдің алдағы жылдардағы негізгі басымдықтарына айналды.

Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, инвестиция – ел экономикасын өркендетудің, жаңа жұмыс орындарын ашудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың басты кепілі.

Аймақ басшысының орынбасары Айгерім Қабылтаеваның айтуынша, соңғы үш жылда Павлодар облысының экономикасына екі триллион теңгеден астам капитал салынған. Оның 88 пайызы – жеке компаниялардың қаражаты есебінен.

– Бүгінде жалпы құны жеті триллион теңгеге тең 102 жоба жүзеге асырылуда. Олардың 76-сы ұлттық маңызы бар жобалар тізіміне енгізілген. Барлық бастамалар өңірлік инвестициялық штабтың жедел бақылауында. Инвесторлар салықтық преференциялар мен кедендік жеңілдіктер арқылы кешенді мемлекеттік қолдауға ие болуда, – деді Айгерім Қабылтаева. 

Павлодар облысы республика бойынша өңдеу өнеркәсібі өнім көлемінен алғашқы бестікте тұр. Қазірдің өзінде жалпы құны екі триллион теңге болатын 29 жаңа жоба қолға алынған. 

Ал, Екібастұзда қуаттылығы 460 мың тоннаға жететін үш ферроқорытпа зауыты салынып жатыр. Оның екеуі биыл іске қосылады. Сондай-ақ, электрометаллургия зауытының құрылысы басталды.

– Маңызды бастамалардың бірі – құрамында алтыны бар жоғары көміртекті сульфидті концентраттарды қайта өңдеу жобасы. Сонымен бірге, 2027 жылы Павлодарда жылына 97 мың тонна алкилат өндіретін зауыт жұмысын бастайды. Жоба құны – 35,6 миллиард теңге. Бұл кәсіпорын экологиялық талаптарға сай бензиннің жоғары октанды компонентін шығаруға мүмкіндік береді, – деді Айгерім Қабылтаева

Көмір өнеркәсібінің әлеуеті де зор. Павлодар облысы елдегі көмір қорының үштен бірін иеленеді. Геологиялық бағалау бойынша өңірдегі тас көмір қоры 5,4 миллиард тоннаға жетеді. Бұл энергетикалық секторды тұрақты дамытуға жол ашады.

Жолдауда Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына айрықша көңіл бөлді. Бұл салада жүйелі шаралар қабылданбақ.

– Биыл асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға сегіз миллиард теңге бағытталды. Соңғы үш жылда агросекторда жалпы сомасы 11 миллиард теңгеден астам жеті жоба жүзеге асырылған. Алдағы бес жылда аймақта 130 миллиард теңгеден астам қаржыға 50 жоба іске қосылып, 1600 жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде 2025 жылдың өзінде 25 жоба жүзеге асырылып, құны 33,7 миллиард теңгеге жетпек. 2030 жылға қарай облыста ірі қара саны 600 мыңға, ұсақ мал басы 750 мыңға дейін көбейеді, – деді облыс орынбасары өз сөзінде. 

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін жаңа бағдарламалар ұсынылады. Оның ішінде мал шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге жеңілдетілген несие, субсидиялар, экспортқа қолдау көрсету шаралары бар.

– Су инфрақұрылымын жаңғырту бағытында өңірде екі ірі гидротехникалық нысан жөндеуден өтуде. Бұл жоба аяқталған соң 3,6 мың гектар жерге лимандық суару жүйелері қайта енгізіледі. Соңғы он жыл ішінде Ертіс өзенінің 100 шақырымнан астам ескі арналары тазартылды. Бұл су ресурстарын тиімді пайдалануға жол ашты, – деді Айгерім Қабылтаева.

Айгерім Қабылтаеваның айтуынша, орман шаруашылығына қатысты да маңызды деректер белгілі болды. Түгендеу барысында облыс аумағында 2,5 миллион гектардан астам есепке алынбаған орман анықталды. Қазір бұл алқаптарды заңсыз кесуден қорғап, мемлекеттік орман қорының құрамына енгізу жұмыстары жүргізілуде.

– Қазіргі таңда Павлодар облысында 57 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп тұр. Олар жалпы аймақтық өнімнің бестен бірін өндіреді. Президент атап өткендей, кәсіпкерлер цифрлық дамудың қозғаушы күші болуы тиіс. Осы мақсатта жасанды интеллект технологияларын енгізу және заңнаманы бейімдеу жұмыстары жүргізілмек. Ал әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар өңірлік даму институтына айналып, жаңа жобаларды қолдау құралдарының бірі болады, – деді ол. 

Осы мақсатта жасанды интеллект технологияларын енгізу және заңнаманы бейімдеу жұмыстары жүргізілмек. Ал әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар өңірлік даму институтына айналып, жаңа жобаларды қолдау құралдарының бірі болады.

Облыс әкімі Асайын Байханов атап өткендей, Жолдауда көрсетілген міндеттерді орындау  жүйелі әрі кешенді жұмысты талап етеді. Өңірде осы бағыттағы жұмыстар қазірдің өзінде басталып, нақты нәтижелер көрсетуде.

Павлодар облысында инвестициялық серпін аймақтың болашағына жаңа қарқын беруде. Ірі индустриялық жобалардан бастап ауыл шаруашылығы, су инфрақұрылымы мен орман ресурстарын жаңғыртуға дейінгі барлық бағыт қамтылған.