Павлодарлықтарға салықтық рақымшылық: кімдер айыппұл төлемейді?

Павлодарлықтарға салықтық рақымшылық: кімдер айыппұл төлемейді?
Иллюстрация: жасанды интеллект

Мемлекеттік кірістер органдары әкімшілік айыппұлдардың бір бөлігін автоматты түрде есептен шығарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, рақымшылық жеке тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге және жеке практикамен айналысатын азаматтарға (адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары, медиаторлар) қолданылады.

Рақымшылық тіркеу мерзімдерін бұзу, арнаулы салық режимдерін қолдану кезіндегі бұзушылықтар, салық есептілігін уақытында тапсырмау, бақылау-касса машиналарын пайдалану қағидаларын бұзу, сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдары қарайтын кедендік құқық бұзушылықтардың басым бөлігіне қатысты болады.

Айыппұлдың есептен шығарылуы үшін үш шарт сақталуы тиіс:

  • айыппұлды сот емес, мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды тұлғасы салған болуы; 
  • айыппұл 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша толық төленбеген болуы; 
  • құқық бұзушылық рақымшылық қолданылмайтын жағдайлар тізіміне кірмеуі. 

Сонымен қатар рақымшылық салық салу объектілерін жасырғаны, салықтарды қасақана төлемегені, салық есептілігін бұрмалағаны үшін салынған айыппұлдарға, сондай-ақ сот қаулысымен тағайындалған әкімшілік жазаларға қолданылмайды.

Ведомствода атап өткендей, рақымшылық автоматты түрде жүргізіледі. Ол үшін салық төлеушілерге өтініш берудің немесе мемлекеттік кірістер органдарына жүгінудің қажеті жоқ. Заңды іске асыру шаралары 2026 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.