Павлодар облысында колледждерге жетекшілік жасайтын кәсіпорындар саны артады
Өңірде жұмысшы мамандықтар жылын өткізу жөніндегі өңірлік іс-шаралар жоспары қалыптастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңір басшысы Асайын Байхановтың қатысуымен өткен аппараттық жиналыста облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина жұмысшы мамандықтар имиджін қолдап, дамыту үшін жеке меншік инвестицияларды тарту арқылы алты колледждің материалдық-техникалық базасын нығайту жоспарланғанын мәлім етті.
– Ал колледждерге жетекшілік жасайтын кәсіпорындар санын 40-қа дейін арттыру жоспарланған. Мәселен, ағымдағы жылы 30 колледжге 30 кәсіпорын жетекшілік етеді, – деді Самал Айтқазина.
Бұдан бөлек, «ERG» компаниясы арасындағы меморандум аясында «WorldSkills» болашақ чемпиондар мектебі» принципі бойынша ұстаздар мен студенттерге шетелдік тағылымдама ұйымдастыру да жалғасын таппақ.
– 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жалпы орта білім беру ұйымдарында «Enbek Hub» оқу шеберханаларын ашу көзделуде, – деді басқарма басшысы. – Ағымдағы жылдың наурыз айында өңірдің еңбек әулеттері мен ірі кәсіпорындардың қатысуымен өңірдегі еңбек династияларына арналған «Еңбек дәстүрі – болашағымыздың күші» және «PRO табыс» облыстық форумын өткізуді жоспарлап отырмыз.
Сонымен қатар, Торайғыров университеті тарапынан Успен агротехникалық колледжінің базасында агроинновацияны енгізу орталығы іске қосылмақ.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың мамыр айында дәстүрге айналған мектеп оқушылары үшін кәсіптік бағдар беру жұмысына бағытталған «MamandyqFest» фестивалі жұмысы жалғасады. Онда 1500-ден астам оқушы қамтылып, колледж студенттері мен өңірдің жұмыс берушілері үшін жұмысшы кәсіптерінің беделі арттыру көзделген. Фестиваль аясында Павлодар қаласындағы Металлургтер саябағының аумағында жұмысшы кәсіптер аллеясы ашу жоспарланған
Басқарма басшысы жыл бойы өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысшылары арасында «Еңбек батыры» облыстық конкурсы, «Алтын қор» кәсіби шеберлік конкурсын өткізу жоспарланып отырғанын атап өтті.