Павлодарда алғаш рет волонтерлік пен инклюзияға арналған халықаралық форум басталды

Павлодарда алғаш рет волонтерлік пен инклюзияға арналған халықаралық форум басталды
Фото: Захар Шишко

«EduBridge: Global Volunteer Forum for Inclusive Learning» халықаралық форумы үш күнге созылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Форумға Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен, сондай-ақ Қазақстанның бірнеше өңірінен келген білім беру саласының халықаралық сарапшылары, волонтерлер, қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік органдар мен білім беру мекемелерінің өкілдері қатысуда.

Павлодар облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Раисованың айтуынша, өңірде волонтерлік қозғалысты дамыту мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі саналады. Соның нәтижесінде мемлекет, үкіметтік емес ұйымдар және білім беру мекемелері арасындағы әріптестік нығайып келеді.

– Волонтерлер – жай ғана көмекшілер емес. Олар өз істерімен игі амалдардың адамдардың өмірін өзгертіп, қоғамды біріктіріп, әрбір адамға тең мүмкіндік қалыптастыра алатынын дәлелдеп жүр. Дәл олардың бастамасымен әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып, балаларға, мүгедектігі бар адамдарға, қарттарға және көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетілуде, – деді Айнұр Раисова.

Екі жыл бұрын Шарбақты ауданында 150-ден астам жастың басын қосқан «Адал жүрек» волонтерлік қозғалысы құрылған. Оның негізгі бағыттарының қатарында экология, қайырымдылық және әлеуметтік волонтерлік бар.

– Жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы және Халықаралық волонтерлер жылы аясында біз Ғабдул Уахит Хазірет кесенесінің айналасын қоқыстан тазарттық. Осындай экологиялық акцияларды тұрақты түрде өткізіп тұрамыз, – деді Шарбақты жастар орталығының «Қаһарман жастары» ұйымының жетекшісі Ләйлә Иманғазинова.

Павлодар ауданының еріктілері де форум барысында әріптестерімен тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр. Рождественка ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Ольга Киселеваның айтуынша, биыл жастар жұбайынан айырылғаннан кейін төрт баласын жалғыз тәрбиелеп отырған тұрғынның үйін ретке келтіруге, жиһаз және тұрмыстық техника сатып алуға көмектескен. Бұл қайырымдылық бастамасына аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Сергей Ткачук пен әкімдік қызметкерлері қолдау көрсеткен.

Беларусьтен келген «СЛОН» (Слова Любви, Обретающие Надежду) волонтерлік клубының өкілі Виктория Мицкевич қоғамдық жұмыстарға студент кезінде қосылған. Ол оқуын аяқтағаннан кейін де волонтерлікті жалғастырып келеді.

Форум барысында ол ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар мен жетім балаларға арналған «Түрлі түсті армандар» қайырымдылық инклюзивті сән көрсетілімі жобасы туралы айтты.

– Дизайнерлер балаларға арнайы киім тігіп сыйлайды. Олар Беларусьтің танымал әртістерімен бір сахнада өнер көрсетіп, өздерін нағыз жұлдыздай сезінеді. Сыйлықтар алады. Көптеген бала үшін бұл мереке Жаңа жылдан да маңызды. Біз Павлодарға жаңа тәжірибе жинап, оны елімізде енгізу үшін келдік, – деді Виктория Мицкевич.

Биыл Әзербайжанда Гейдар Әлиев қорының бастамасымен құрылған «Өңірлік даму» қоғамдық ұйымының құрылғанына он жыл толып отыр. Ұйымның негізгі мақсаттарының бірі – барлық балаға сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасау, педагогтерді инклюзивті білім беру қағидаттарына үйрету, олардың біліктілігін арттыру және жаңа буын инклюзивті педагогтерін даярлау.

– Бүгінгі форумның негізгі тақырыбы – инклюзивті даму. Біз бұл бағытта көптеген жобаны жүзеге асырып келеміз. Бірақ біз үшін жобалардың саны емес, олардың тұрақты нәтижесі маңызды. Соның айқын дәлелі – Әзербайжанда алты ресурстық инклюзивті орталық пен тоғыз мектепте инклюзивті кабинеттердің ашылуы. Қазір олардың санын көбейтіп, мұғалімдерді инклюзивті білім беру қағидаттарына оқытуды жалғастырып жатырмыз, – деді ұйым өкілі Айсель Гасанова.

Павлодар облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қолдауымен бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Инклюзия және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау» жобасын «Алтын бата» қоғамдық қорының жетекшісі, ерекше баланың анасы Евгения Стельвага таныстырды.

– Мүгедектігі бар балалар есейгеннен кейін олардың өмірі қалай жалғасады? Инклюзия тек мектеппен шектелмеуі керек. Біз арт-терапия және әлеуметтік бейімдеу сабақтарын бастадық. Сондықтан әлеуметтік бейімдеу бағдарламалары білім беру, медицина және оңалту қызметтері сияқты міндетті қолдау жүйесінің бір бөлігіне айналуы тиіс деп есептейміз, – деді Евгения Стельвага.

Еске сала кетейік, форумға Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь және Әзербайжан мемлекеттерінен, сондай-ақ Астана қаласы, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан делегациялар келді.

Алғашқы панельдік сессияда қатысушылар инклюзивті білім беруді қалыптастырудағы волонтерліктің рөлін талқылап, «Volunteer Trend» шеберлік сабақтарына қатысты.

Форум бағдарламасы аясында қатысушыларды Ертіс өзенінде теплоходпен серуендеу, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне көшпелі сапар, ауданның табиғи және киелі орындарымен танысу, халықаралық ЭКО-тимбилдинг, сондай-ақ «Павлодар облысының үздік волонтерлік тәжірибелері мен кейстері» көрмесі күтіп тұр.

Сонымен қатар, делегациялар «Ertis» музейінің экспозициясын тамашалап, Қала күніне арналған мерекелік концертке қатысады.

Халықаралық форумның қорытындысы 25 шілдеде Павлодардағы Достық үйінде шығарылады.