Павлодар облысында тек қана қарағай ағаштары отырғызылуда

Павлодар облысында тек қана қарағай ағаштары отырғызылуда
Фото: Константин Шелков

Өңірімізде 2025 жылға дейін Президенттің тапсырмасын аяқтау жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Түлепбаев мәлім етті. 

– Әзірге орман орналастыру жобалары бойынша облыс аумағына тек қана қарағай ағаштары отырғызылуда. Бүгінгі таңда 39,3 миллион қарағай екпесі егілді, – дейді Руслан Түлепбаев.

Инспекция басшысының айтуынша, ҚР Президентінің орман қорына 2 миллиард ағаш отырғызу туралы тапсырмасын іске асыру шеңберінде өңірде 2021-2025 жылдарға арналған молықтыру және орман көлемін ұлғайту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді.

Жоспар аясында бес жыл ішінде мемлекеттік орман қорының аумағында орман қорғау және табиғатты қорғау мекемелері жалпы алаңы 19,6 мың гектар жерге орман дақылдарын отырғызуды жоспарлап отыр, бұл 106 миллион дана қарағай екпелерін құрайды.  Үш жыл ішінде жалпы 6,4 мың гектар алқапқа 39,3 миллион екпе егілді. Кешенді жоспар 37 пайызға орындалды.

Айта кету керек, жазда орын алған құрғақшылық салдарынан орманның 0,51 пайыз алқабы зақымданған. Облыс аумағының 274,5 мың гектары орманмен жабылған.